Бас мүфти Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Бас мүфти сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етуден бастады. Зиярат ету рәсіміне Діни басқарма жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері де қатысты.
ҚМДБ Төрағасы ізгілік пен имандылықты насихаттауға сүбелі үлес қосқан ұстаз рухына қасиетті Құран аятын бағыштап, дұға жасады.
«Алла Тағала киелі мекен – Түркістанда жерленген ел билеген хан-сұлтандарымызды, абыз-әулиелерімізді рақымына бөлегей. Жаратушы Жаббар Иеміз Қожа Ахмет Ясауи бабамызды мейіріміне алғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, егемендігіміз баянды болғай» деп дұға етті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Түркістан топырағы – тарихи ескерткіштерге бай өлке. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткішінің бірі. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, сопылықты уағыздаушы Ахмет Ясауи бейітінің басына орнатылған.