preloader

Мақалалар

Жүрек – адамның рухани айнасы

Жүрек – адамның рухани айнасы

Адам баласының жүрегі – оның рухани болмысының көрсеткіші. Жүрек қандай болса, адамның сөзі мен іс-әрекеті де сондай сипатқа ие болады. Дана халқымыз бұл жайында «Серке сенімсіз болса қой адасқақ, жүрек таза болмаса ой адасқақ» – деген.

Ислам дінінде жүректің маңызы ерекше орын алады. Қасиетті Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де жүректің ахуалына айрықша мән берілген. Расында, Жүрек – теңізден де терең, даладан да кең, шыңнан да биік.  Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам денесінде бір жапырақ ет бар. Егер ол сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек» деген.  Осы хадис жүректің адам өміріндегі шешуші рөлін айқын көрсетеді. Адам баласының барлығы белгілі бір дәрежедегі жүрекке ие. Алайда олар әртүрлі. Исламдағы ілім иелері жүректі бірнеше түрге бөліп қарастырған.

 Сау жүрек (Қалбун салим)

Бұл – Алланың әміріне бойсұнып, иманға толы жүрек. Сау жүрек иесі адалдықты ту етеді, шариғат қағидаларын басшылыққа алады, айналасына мейіріммен қарайды. Құранда: Шұғара сүресі, 88-89-аяттарында «Ол күні (Қияметте) мал да, бала да пайда бермейді. Бірақ Аллаға сау жүрекпен келгендер ғана (құтылады)» делінсе, Қаф сүресінің 32-33 аяттарында «Міне, сендерге уәде етілген жәннат. Ол Аллаға бет бұрып, әмірлеріне мойынсұнған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және Аллаға бет бұрған жүрекпен келгендерге тән», – деп баян етіледі. Алланың алдына осындай жүрекпен барғандар ғана құтылады, жақсылыққа бөленеді.

Науқас жүрек

Бұл жүректе иман да, күдік те қатар болады. Кей сәтте дінге жақындағандай болса, бір сәтте нәпсісіне еріп, қайтадан адасады. Құранда: «Олардың жүректерінде бір дерт бар, сонда Алла олардың дертіне дерт қосты» (Бақара сүресі, 10-аят) делінеді. Тот басқан темірдің қадірі болмайтыны сияқты, қарайған жүректен де қасиет қашады. Тоттанған темірге де бір сәт көңіл бөліп, жуып, сүртіп, тазалап пайдаңызға асырып, қажетіңізге жаратқаныңыз сияқты тастай қатып бара жатқан жүректі де Алланы еске ала отырып, Ол разы болатын ізгі амалдар жасау арқылы нұрландырып, тыныштандыруға болады. Өйткені, қасиетті Құран Кәрімнің Рағыд сүресінің 23-ші аятында: «Естеріңде болсын, жүректер Алланы еске алумен жай табады»,  – деп анық айтылған.

Қатты жүрек

Мейірім мен жұмсақтықтан айырылған жүрек. Мұндай жүрек Алланың үгіт-насихатына селқос қарайды. Құранда: «Содан кейін жүректерің қатайып кетті. Олар тас сияқты, тіпті одан да қатты» (Бақара сүресі, 74-аят) деп ескертілген. Қатты жүрек менмендікке, қатігездікке, өзім білемдікке бейім келеді. Данышпан Абай атамыздың 14-қара сөзінде «Қазақта адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлықтай жүректе жігер, қайрат байлаулылықтың жоқтығынан азады» деген.                   Шындығында қатайған жүректің иесі – ар-ұяттан ажырап, адамдықтан алыстап, Алламен арақатынас үзілгеннен кейін ол жерден адами жақсы қасиеттер жоғалады, жақсылық болмағаннан кейін бүйрек безге, бауыр тасқа, жүрек мұзға айналады.

Өлі жүрек

Бұл – ең қауіпті түрі. Өлі жүрек иесі Алланы еске алмайды, иманға бойсұнбайды. Құранда: «Олардың жүректері бар, бірақ түсінбейді; көздері бар, бірақ көрмейді; құлақтары бар, бірақ естімейді. Олар мал секілді, бәлкім одан да ада» (Ағраф сүресі, 179-аят) деп баяндалады.

Жүрек – адамның рухани айнасы. Ойшылдарымыз: Жүрегіңнің жұмбағын жүзің шешіп береді. Жүзің шешіп бермесе, сөзің шешіп береді» – деген екен.

Сау жүрек – иман жолындағы ең үлкен нығмет. Алланың алдында ең абзал аманат – таза жүрек. Әрбір мұсылман өз жүрегінің ахуалына мән беріп, оны иман нұрымен тазартуға ұмтылуы тиіс.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, жүректерді құбылтушы Алла! Жүрегімізді Өз дініңе бекем ет!– деп дұға етуімізді үйреткен.

Жаратқан Алла баршамыздың жүрегімізді иман нұрымен нұрландырғай! Алла Тағала имансыздықтан, жүректерімізді қатып қалудан, қатігездіктен, жамандықтан сақтасын!

 

 

Қасымхан Қалдыбайұлы

«Биеке батыр» мешітінің имамы