preloader

Мақалалар

Шариғаттағы әкенің айрықша орны

Шариғаттағы әкенің айрықша орны

Ислам – мейірім мен әділеттің мәңгілік шамшырағы. Бұл ұлы дін отбасы атты қасиетті ұяның әр мүшесіне лайық мәртебе беріп, олардың құқықтары мен міндеттерін айқын көрсеткен. Соның ішінде әке – шаңырақтың тірегі, үйдің ырысы, ұрпақтың алғашқы ұстазы. Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті әкенің орнын айрықша дәріптеп, оны қастерлеуді әрбір жанға парыз еткен.

Әке – отбасын материалдық әрі рухани тұрғыдан қамтамасыз ететін басты тірек. Құранның «Бақара» сүресінде: «Аналардың тиісті тамағы мен киімі әкелеріне міндет» деп бекітілуі – нәпақа табу жай күнкөрістің қамы емес, сауапты ғибадат екенін айғақтайды. Шаңырақтың тыныштығы мен берекесі – әкенің адал еңбегіне тікелей байланысты.

Балаға қалатын ең қымбат мұра – иман мен ізгілік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сый бермейді» делінген. Жақсы әке сөзімен де, ісімен де ұрпағын әділдік пен мейірімге баулып, жүрегіне иман нұрын себеді. Салиқалы жар таңдау, перзентке мәнді есім беру де – әке мойнындағы қасиетті аманат.

Әкенің әділдігі – отбасының татулығы мен ынтымағының кепілі. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алладан қорқыңдар, балаларыңның арасында әділ болыңдар» деген өсиеті – үй ішіндегі берекенің темірқазығы. Әділ әкенің отбасында бірлік пен сыйластық орнығып, дау-дамайға орын қалмайды.

Әке – отбасының имани шамшырағы. Ол баласына намаз бен оразаның мәнін ұғындырып, адал мен арамды айыруды үйретеді. Әке жүрегіндегі иман оты – бала бойындағы ізгіліктің бастауы.

Әкені құрметтеу – Жаратқанға деген құрметтің айқын көрінісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» делінеді. Әкенің батасы – баланың бағы, әкенің дұғасы – перзенттің қорғаны. Әкені қадірлеп, халін сұрап, дұға ету – әрбір мұсылман баласының қасиетті борышы.

Әке – шаңырақтың темірқазығы, ұрпақтың тәлімі мен тағылымының бастауы. Оның әр ісі отбасының берекесіне, қоғамның кемелдігіне қызмет етеді. Перзенттің әкеге құрмет көрсетуі – екі дүниенің де бақытына жол ашар сауапты амал. Шариғат белгілеген осы үйлесім сақталғанда ғана отбасы берік, қоғам еңселі, ұрпақ рухани бай болмақ.

Қуаныш Жұмаханұлы
Алатау қаласының бас имамы