preloader

Мақалалар

Исламдағы әкенің орны

Исламдағы әкенің орны

Әке – адам өміріндегі ең қадірлі тұлғалардың бірі. Ол – отбасының қорғаны, шаңырақтың иесі, ұрпағына өнеге көрсететін ұстаз. Қазақ халқы «Ана – сая болар бағың, әке – асқар тауың» деп бекер айтпаған. Таудың биіктігі секілді әкенің абыройы да ұрпақ алдында асқақ, оның жылу-шуағы бала өміріне нұр сыйлайды.

Ислам діні де әкенің мәртебесін айрықша дәріптеп, оны құрметтеуді парыз амалдардың қатарына енгізген. Қасиетті Құранда ата-ананы қадірлеу жайлы көптеген аяттар бар. Соның ішінде «Исра» сүресінің 23-аятында:
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, оларға: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ екеуін зекіме де, екеуіне сыпайы сөз сөйле», – деп бұйырған.

Бұл аяттан Алла Тағала әрбір перзентке ата-анасына жақсылық жасаумен бірге, олардың көңілдеріне кірбің түсіретін бір ауыз ауыр сөз айтудан да сақтандыруда. Ал «Лұқман» сүресінің 14-аятында:
«Ей, адамдар! Маған да, ата-аналарыңа да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың – менің алдым» – делінген. Демек, Жаратқан Аллаға шүкір етумен қатар ата-анаға алғыс айту – мұсылманның міндеті.

Бұл жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім адамдарға (жақсылығы үшін) алғыс білдірмесе, Аллаға шүкірлік етпегені», – деген. Сондай-ақ ол әкенің мәртебесін айқындап: «Әке – жәннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң оны тәрк ет, қаласаң сақта», – деп ескерткен. Тағы бір хадисте: «Үш түрлі кісінің дұғасы (қарғысы да) кері қайтарылмайды: әке мен ананың баласына жасаған дұғасы, жолаушының дұғасы және жәбірленушінің дұғасы» – делінген.

Қазақ халқы да әкенің қадірін қашан да биік қойған. «Қарғыс алма, алғыс ал», «Әкенің қарғысы – оқ» деп әкенің батасын алуға ерекше мән берген. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деп батаға байлықтан да жоғары мән берген. «Баталы ер арымас», «Әке самайындағы ақ шашты аңғармаған бала, өз маңдайындағы бақты бағалай алмайды» деген мақалдар соның айғағы.

Әке – асқар тау болса, бала – сол таудан бастау алған бұлақ. Қазақы дәстүр мен ислам қағидалары үндесіп, әкенің абыройын биік ұстап, аманатын орындауды парыз санаған. Халық даналығын Майлы Қожа бабамыз өлеңінде де көреміз:

Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып үдеген.
Көркіңе көңілісіп,
Алладан өмір тілеген,
Әкеңдей құбыла қамқорың,
Табылмас мына дүниеден.

Әкені құрметтеу – парыз, батасын алу – берекенің бастауы, разылығын табу – Алланың разылығына жеткізетін жол. Сондықтан мұсылман баласы үшін әке қадірін білу – иманның бір белгісі.

Алайда қазіргі таңда ата-анасының қадірін білмей, әке-шешесіне қатты сөйлеп, көңілдеріне қаяу түсіретін жастар да бар. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген өсиетті ұмытпайық. Өйткені бүгін біз ата-анамызға қалай қарасақ, ертең баламыз бізге де сондай қарым-қатынас жасайды.

Қартайған шағында әке-шешенің өз отбасымен, немересін бауырына басып отырғанынан артық бақыт жоқ. Сол себепті қолда бар алтынның асылы – ата-ана қадірін тірісінде білейік.

Алла Тағала ата-аналарымызды мейірім-шарапатына бөлесін! Әмин.

Талғар қаласы
«Биеке батыр» мешітінің имамы
Қасымхан Қалдыбайұлы