preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти жастармен бірге ауызашарға қатысты

Бас мүфти жастармен бірге ауызашарға қатысты

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Уағыз-насихат бөліміне қарасты Жастар ісі секторы және Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қаладағы жастар ұйымдарының басшыларына, мешіт жастарына, Құран жаттау орталығының шәкірттеріне, сондай-ақ әйелдер және қыздар медресесінің шәкірттеріне арнайы ауызашар берілді.

«Рамазан – мейірім айы» атауымен өткен рухани кеште ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашар дастарқанының қадірлі қонақтарын қасиетті аймен құттықтап, ізгі тілегін арнады.

«Жастар – елдің болашағы. Дініміз Ислам жастарға, жастық шаққа үлкен мән беріледі.  Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи түскен кезеңдерде қасында иман келтірген, серіктес болған, ең алғашқы ауыртпалықтарды қабылдаған сахабалардың түгелге дерлігі жастар еді. Тіпті Зубайр ибн Аууам, Әлилер он жасқа да толмаған бала болатын. Сол кездегі жасы үлкен сахабалардың бірі Әбу Бәкірдің өзі небәрі 38 жаста болғандығы айтылады.

Қазақ даласында да талай данышпандар жас кезінде-ақ өздерінің кемеңгерлігін көрсеткен.

Атақты Төле би он бес жасында халық арасында билік айтқан. Он алты жасында ақын атанып, 27 жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров: осы қысқа ғұмырында сол кездегі жастарға үлгі-өнеге бола білді.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам,

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда, кім болам?! – деп, жасынан-ақ алдына биік мақсат қоя білді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін әрдайым назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, мешіт имамдарымен тұрақты қарым-қатынаста болуларына мүмкіндіктер жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді.

Сонымен қатар біздердің әйел-қыздар секторының жұмысы да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маңызды жұмыс бағыттарының бірі. «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, әр отбасының бақытты болуы, оның сақталып қалуы әйел адамға көп байланысты. Ертеңгі ел басқарар буынның тәрбиесі, қоғамның болашағы ананың тәрбиесімен тікелей байланысты.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресінде Мәриям анамыздың, Әсия анамыздың тақуалығын мысал етіп, бүкіл мұсылман қауымға үлгі еткен. Халқымызда да бір қолымен бесігін тербеткен, ақылымен алашты тебіренткен дана аналарымыз аз болмаған. Бүгін иманды ауруларымыз сол аналарымыздың жалғасы болғай!» деді Бас мүфти.

Рухани кеште жастарға уағыз айтылып, термелер орындалып, викториналық сұрақтар қойылды. Сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге Астана қаласы «Әзірет Сұлтан» мешіті жастарының атынан сыйлықтар берілді.

Кеш соңында қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы арнайы дұға жасады. Сондай-ақ Әйел-қыздар секторы рухани кешке келген қонақтарға арнайы рамазан сыйын табыстады.