Абай көрсеткен бес дұшпан – қоғамның рухани дерттері
Қазақ халқының ұлы ойшылы, хәкім Абай Құнанбайұлы адам тәрбиесі мен қоғамның түзелуі мәселесіне ерекше мән берген. Оның:
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз», – деген өлең жолдары ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Хәкім Абай атап көрсеткен бұл бес қасиет жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның рухани дертіне айналуы мүмкін. Сондықтан олардан сақтану – әрбір саналы азаматтың міндеті.
Өсек – бірлікке сызат түсіретін кесел
Өсек – қоғамдағы татулық пен ауызбіршілікке сызат түсіретін ауыр кесел. Бір адамның сыртынан айтылған орынсыз сөз кейде тұтас бір отбасының, ағайын-туыстың немесе ұжымның арасына іріткі салып, өзара сенім мен сыйластықты әлсіретеді.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Бір-біріңді сырттарыңнан ғайбаттамаңдар. Сендердің біреулерің өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әлбетте, оны жек көресіңдер» («Хужурат» сүресі, 12-аят), – деп ескертеді. Өсек адамның абыройына нұқсан келтіріп қана қоймай, жүректегі мейірім мен иманды әлсіретеді. Сондықтан мұсылман адам өзгенің кемшілігін таратудан емес, жақсы қасиеттерін айтудан, игі ісін насихаттаудан үлгі болуы қажет.
Өтірік – сенімнің жауы
Қоғамның беріктігі өзара сенімге негізделеді. Ал өтірік сол сенімді бұзып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты әлсіретеді. Өтірікке бой үйреткен адамның сөзі де, ісі де қадірсіз болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындық жақсылыққа жетелейді, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Өтірік жамандыққа жетелейді, ал жамандық тозаққа жетелейді», – деген (Бұхари, Мүслім). Бүгінде жалған ақпарат тарату, уәдеде тұрмау, пайда үшін өтірік айту сияқты әрекеттер қоғамға үлкен зиян келтіруде. Сондықтан шыншылдық – мұсылманның ең көркем мінездерінің бірі болуы тиіс.
Мақтаншақтық – тәкаппарлықтың бастауы
Мақтаншақ адам бойындағы нығметтердің Алланың сыйы екенін ұмытып, өзін өзгеден жоғары қоя бастайды. Мұндай қасиет бірте-бірте тәкаппарлыққа ұласып, адамды ақиқаттан алыстатып, рухани құлдырауға жетелейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жүрегінде тозаңның түйіріндей тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деп ескерткен (Мүслім). Өкінішке қарай, бүгінде әлеуметтік желілерде орынсыз мақтану, байлықты, мансапты немесе сән-салтанатты көзге көрсету белең алып барады. Мұндай әрекеттер адамдар арасында қызғаныш пен бақталастықты күшейтеді. Ал қарапайымдылық, кішіпейілділік және шүкіршілік қоғамдағы сыйластық пен бірлікті нығайтады.
Еріншектік – өркендеудің кедергісі
Еріншектік адамды білімнен, еңбектен және игі істерден алыстатады. Хәкім Абай еңбек пен талапты адамның кемелденуінің негізгі тірегі деп білді. Қазақ халқының «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылы да осыны аңғартады. Ислам діні де адал еңбек етуге үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалқаулықтан Аллаға сыйынып, одан сақтауды тілеп дұға еткен. Себебі еріншектік адамның уақытын зая кетіріп, қабілетінің ашылуына кедергі жасайды. Ал еңбекқор, талапшыл қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізеді.
Бекер мал шашпақтық – берекені қашыратын әдет
Хәкім Абайдың бес дұшпанының бірі – бекер мал шашпақтық. Бұл – ысырапшылдықтың айқын көрінісі. Қазіргі қоғамда той-томалақта, киім-кешек пен тұрмыстық тұтынуда шектен тыс шығын жасау жиі кездеседі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» («Ағраф» сүресі, 31-аят), – дейді. Мал-мүлікті орынсыз жұмсау адамның да, қоғамның да берекесін кетіреді. Ал қанағатшылдық пен үнемшілдік – берекенің, тұрақтылықтың және игіліктің бастауы.
Хәкім Абай көрсеткен бес дұшпан – кез келген қоғамның дамуына кедергі келтіретін рухани кеселдер. Өсек – бірлікті бұзады, өтірік – сенімді әлсіретеді, мақтаншақтық – тәкаппарлыққа жетелейді, еріншектік – өркендеуді тежейді, ал бекер мал шашпақтық – берекені қашырады. Сондықтан әрбір адам алдымен өз бойындағы осы кемшіліктермен күресуге ұмтылуы қажет. Ұлы Абай аңсаған ізгі қоғам мен кемел тұлғаны қалыптастырудың жолы – жүректі тәрбиелеу, иманды нығайту және көркем мінезді орнықтыру. Әрбіріміз өзімізді тәрбиелеуден бастасақ, қоғамымыздың да рухани келбеті көркейе түседі. Сонда ғана бірлігі бекем, берекесі мол, имандылығы жоғары қоғам қалыптастыруға үлес қоса аламыз.
Талғар ауданы,
«Достық» мешітінің имамы
Ербол Серікбайұлы

