preloader

Мақалалар

Ақиқа – ұлттық дәстүрмен үндескен сүннет

Ақиқа – ұлттық дәстүрмен үндескен сүннет

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ғасырлар бойы ислам құндылықтарымен біте қайнасып, ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігіне айналды. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы халқымыздың рухани болмысынан айқын көрінеді. Соның бірі – дүниеге келген сәбиге қатысты жасалатын ізгі амалдардың бірі – ақиқа.

«Ақиқа» сөзі араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы – дүниеге келген нәрестенің шашы алынатын күні Алла Тағаланың берген нығметіне шүкіршілік ретінде құрбандық шалу.

Ақиқаға қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері бар. Сахаба Сәмура ибн Жүндуб (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір бала өзінің ақиқасына байланысты. Ол жетінші күні сойылып, шашы алынып, есімі қойылады», – деген.

Бұл хадистен ақиқа – нәрестенің дүниеге келуіне байланысты орындалатын көркем сүннет амалдардың бірі екенін аңғаруға болады. Әдетте ақиқа баланың жетінші күні жасалады. Егер белгілі бір себеппен бұл күні орындалмаса, кейінгі уақытта жасауға да болады.

Шариғатта ер бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қой сою абзал екені хадистерде баяндалған. Ақиқа құрбандығы да Алланың разылығын көздеп, шүкіршілік ниетімен орындалады.

Ақиқа – тек құрбандық шалу рәсімі ғана емес, оның астарында үлкен тәрбие жатыр. Дүниеге келген перзентінің амандығына шүкіршілік етіп, ағайын-туысты жинау, ақ тілек айтып, сәбиге дұға жасау – халқымыздың ізгі дәстүрлерімен де үндеседі.

Ақиқа кезінде құрбандық етінен отбасы мүшелері де дәм татып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңға үлестіруге, дастархан жайып, көпшілікті қонақ етуге болады. Бұл – қуанышты бөлісіп, өзара сыйластық пен бауырмалдықты арттыратын сауапты амалдардың бірі.

Сондай-ақ ақиқа арқылы ата-ананың перзент алдындағы жауапкершілігі де айқындала түседі. Бала дүниеге келген сәттен бастап оның тәрбиесіне көңіл бөлу – ата-ананың маңызды міндеті. Перзентке жақсы есім беру, оған ізгі тәрбие көрсету, адалдыққа, имандылыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге баулу – мұсылман отбасының басты құндылықтарының бірі.

Қазақ халқы «Бала – адамның бауыр еті» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы да баланың бойындағы мінез-құлық пен әдеттің ең алдымен отбасынан қалыптасатынын аңғартады.

Сондықтан ақиқа – нәрестенің дүниеге келуіне байланысты жасалатын ғұрып қана емес, Алланың нығметіне шүкіршілік етудің, қуанышты көпшілікпен бөлісудің және перзенттің болашағына ақ тілек білдірудің көрінісі.

Бүгінгі таңда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің діни негіздерін дұрыс түсініп, оларды ұрпақ тәрбиесімен сабақтастыра білу – маңызды міндет. Дәстүр мен діннің тағылымды тұстарын кейінгі буынға жеткізу арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, иманды әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруға үлес қоса аламыз.

Талғар ауданының бас имамы
Ринат Маратұлы