Ата-ананы қадірлеу – мұсылманның борышы
Ата-ана – Алланың пендесіне берген ең ұлы нығметтерінің бірі. Әрбірадамның өмірге келуіне себепші болған, барын баласына арнап, мейірімін төккен жандар – ата мен ана. Ислам дінінде ата-ананы құрметтеу, оларға жақсылық жасау – ең үлкен сауаптардың бірі болса, керісінше, ата-ананы ренжіту мен құрметтемеу – ауыр күнәлардың қатарына жатады.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Раббың өзіңе тек қана Оған құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық қылуды бұйырды…» (Исра сүресі, 23-аят)
Бұл аятта Алла Тағала Өзінің құлшылық ету бұйрығынан кейін бірден ата-ананы құрметтеуді айтып, оның діндегі орнын ерекше көрсеткен. Демек, ата-ананы құрметтеу – жай адамгершілік қана емес, Алланың бұйрығы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Алла разылығы ата-ананың разылығында, Алла ашуы – ата-ананың ашуында» (Тирмизи риуаяты)
Яғни, адам ата-анасының разылығын алса – Алланың разылығын алғанментең, ал егер оларды ренжітсе, Алланың ашуына ұшырайды. Сол себепті, ата-ананы құрметтемеу – дін тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да ауыр күнә. Бүгінгі қоғамда кейбір жастар ата-анасын тыңдамай, қарсы сөйлеп, тіпті дау айтып жатады. Бұл – Ислам тұрғысынан өте қауіпті іс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш түрлі адамға Алла Тағала қиямет күні назар салмайды: ата-анасына қарсы келген адам, маскүнем және тәкәппар адам», – деген. (Нәсаи хадисі) Ата-анаға қарсы келу – тек сөзбен ғана емес, немқұрайлықпен қарау, оларға қамқор болмау, тіл тигізу, қарсылық көрсету сияқты істер де осының қатарына жатады. Ата-ананың жүрегі – нәзік. Олар баласының бір ауыр сөзін өмір бойы ұмыта алмайды. Ал балаға берілетін ең үлкен береке мен бақыт – ата-ананың батасы. Кімде-кім ата-анасының разылығына бөленсе, Алланың мейіріміне бөленеді. Сондықтан әрбір мұсылман өз ата-анасын қадірлеп, оларды ренжітуден сақболуы керек. Тіпті олар дүниеден өтсе де, артынан дұға жасап, атынан садақа беріп, жақсы істер істеу арқылы құрметін жалғастыру – мұсылманның парызы.
Ата-ананы құрметтемеу – үлкен күнә, ал оларды құрметтеу – жәннатқа апарар жол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай: «Жәннат – ананың аяғының астында» (Нәсаи) Сондықтан ата-ананы қадірлей білейік, өйткені оларды ренжіту – Алланыңашуына себеп болады, ал разылығын алу – өмірдің берекесіне жол ашады.
Алматы обл
Райымбек ауд
Саржаз ауылы
“Асан сопы” мешітінің бас имамы Біләл Мейірлан


