preloader

Мақалалар

Білім – өмір шырағы

Білім – өмір шырағы

Білім – кез келген адамның айдай танып, асылдай бағалайтын ұлы қазынасы. Адам өмірге келгенде жарық дүниені көретін екі көзінің ашылғанындай, дүниені танып білім алған сайын көкірек көзінің де ашылатыны сөзсіз. Асыл дініміз ислам діні бойынша ең көркем бейнеде жаратылған адам баласы өзін оқу, білім алу арқылы дамытуы керек. Мұсылманшылықтың нағыз үлгісі,  дархан даланың ғұламасы болған  ата-бабаларымыз оқу білімге айрықша көңіл бөлген.  Оған дәлел біздің бай әдебиетіміз бен салт-дәстүріміз, мақал мәтелдерімізбен  терең тарихымыздан көптеген мысалдар келтірсек болады. Халқымыз ертеденақ «білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»,- деп білімнің қандай маңызға ие екенін тайға таңба басқандай анық айтқан.

Қазақ даласында мектеп ашып «дала қоңырауы » атанған ұстаз Ыбырай Алтынсариннің де оқып білім алуына ықпал еткен бірден-бір адам ол атасы Балғожа би болатын. Сол заманның  бет алысын  болжаған Балғожа би табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біледі. Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:

Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай Тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп, сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең, басыларсың.
Ата-анаң, өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!- деп Балғожа би бала Ыбырайға оқудың қаншалықты маңызды екенін осы хаты арқылы жеткізген. Жоғарыдағы үш шумақ нақыл туралы Ыбырай атамыз өзінің естелігінде «бұл өлеңді оқу жылдарында дәтке қуат, жаныма медет тұттым, есейе келе оны өмірлік тұмар етіп ұстандым» дейді. Осылайша біздің халқымыз білімге қаншалықты көңіл бөлгенін біле аламыз.

Білімсіздік – адамның ең қауіпті дұшпаны және қоғамның қауіпті дерті. Себебі адамның білімсіздігі тіпті ата жауы да түсіре алмайтын орға құлатуы мүмкін. Өйткені ол білімнен мақұрым. Білім адамды адами қасиетке ұластырып, оның биік шыңын нақтылайды. Ал білім болмаса, адам хайуаннан төмен нашар халге түседі. Сол үшін де дана бабаларымыз «Адам болып келген соң, адам болып қайту – арманым», «Адам мен адамды теңестірер – білім» деп, адамның адам болып қалыптасуында       білімнің рөлі ерекше екенін атап кеткен.

Білім алып, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Алла Тағала білімге байланысты Құран Кәрімде алты жүзден астам аят түсірген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде адамдарды білім алуға қызықтырып, ынталандырады. Жалпы білім алу Исламдағы ер мен әйелге міндеттетілген қырық парыздың бірі болып табылады.  Ислам дінін үйрену терең білім мен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ислам діні – ілім алуға, сауатты болуға шақыратын дін. Алла Тағала ең алғаш Құран аяттарын уахи еткенде «Оқы» — деген. Демек, алғашқы аяттар тек оқу керектігін меңзеп тұр. Бұл Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірі. Алайда аятта қай білім саласын оқу керектігі айтылмаған. Бұл аят жалпылама білім алуды, сауатты болуды бұйырып тұр. Яғни әрбір мұсылман діни білім алумен қатар зайырлы білім алуы қажет. Ислам тарихында мұсылман әлемі, терең білім алуы арқылы ғылымның дамуына өте үлкен үлес қосқан. Сондай-ақ ғылыммен айналысқан ғалымдар мен аудармашыларды ғылымға жігерлендіру үшін олардың жазған немесе өзге тілден аударған кітаптарының салмағына тең күміспен ақы төленді. Соның нәтижесінде мұсылмандар өлкесінен бірінен соң бірі, әр түрлі саланың ғұлама ғалымдары пайда болды. Атап айтқанда олар: пәлсапалық ғылымның екінші атасы болып саналатын Әбу Насыр Әл-Фараби, медицина ғылымының негізін салушы Ибн Сина, бүгінде әлемнің қарқындап дамуына себеп болып отырған түрлі технологиялардың өмірге келуіне себепші цифрлық ғылымның негізін салған Әл-Хорезмилар және тағы басқа көптеген осы сынды мұсылман ғалымдары болды. Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғасыр) деп санамалап кете беруге болады. Өкінішке қарай қазіргі мұсылман әлемінің ғылым саласындағы салмағы өте төмен. Ғылым мен технологияда батыстан артта қалып қойды. Сауатсыздық етек алды. Қазақтың көрнекті ғалымы Мұхтар Әуезов айтқандай «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Шығыс және Батыспен тереземіз тең болуы үшін білімді болуымыз қажет. «Киіміне қарап күтіп алады, ақылына қарап шығарып салады» деген тәмсілді «біліміне қарап құрмет көрсетеді, дұшпаның сенімен санасатын болады» деп түсінсек, қателеспейміз.

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық»- деп Абай атамыз айтқандай қазіргі дамыған заманда адам адамнан тек қана осы қасиеттер арқылы ғана оза алатынын ұмытпауымыз керек. Дінімізде де дүниемен салыстырғанда өзіңнен жағдайы төмендерге қарауды, ал біліммен салыстырғанда өзіңнен жоғары білім иелеріне қарап бой түзеуді насихат етуінің де сыры осында жатса керек. « Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»,-деп  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай мұсылман баласы барлық ғылым саласын меңгеруге ден қоюы тиіс. Білім адам өмірінің шамшырағы екенін естен шығармауымыз керек.

Манап Исаболұлы,

Райымбек ауданының бас имамы