БУКВАЛИСТІК КӨЗҚАРАС ЖӘНЕ ОНЫҢ АХЛИ СҮННЕТ ЖОЛЫНА ҚАЙШЫЛЫҒЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғасырлар бойы халқымыз ұстанып келген Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди ақидасын негізгі ұстанымы – бабалар жолы. Бұл жол – Құран мен сүннетті сахабалар, табиғиндер және төрт мәзһаб имамдары түсінген үлгіде ұғынуды көздейтін Әһли сүннет уәл-жамағаттың сара жолы. Соңғы уақытта кейбір жамағаттар арасында діни мәтіндерді тек сыртқы, сөзбе-сөз мағынасында түсінетін буквалистік бағыттың көріністері байқалуда. Бұл мақалада буквализмнің мәнін ашып, оның Әһли сүннет ұстанымына тигізер зиянын шариғи және дәстүрлі ислам тұрғыдан ашықтаймыз.
Буквализм дегеніміз не?
Буквализм – арабша «заһирилік», яғни мәтіннің әрпіне, сыртқы қабығына ғана жармасу. Бұл ұстанымды ұстанушылар: тәуилді терістейді. Алла Тағаланың сипаттары баяндалған аят-хадистерді «қол», «жүз», «аршыға көтерілу» деп тура мағынасында алады. Ал Әһли сүннет ғұламалары «билә кәйф» – «қалай екенін бір Алла біледі» деп немесе шариғаттың негізіне қайшы келмейтін мәжази мағына береді. Имам Тахауи «Әл-Ақида әт-Тахауияда»: «Кім Алланы жаратылысқа ұқсатса, кәпір болады», – деген.
Ақыл мен қиясқа орын бермейді. Жаңа туындаған мәселелерді шешуде төрт мәзһаб қолданған қияс, истихсан, урф секілді шариғи дәлелдерді қабылдамайды. Соның салдарынан діннің заманға икемділігі шектеледі. Мәзһабсыздыққа шақырады. «Тек Құран мен сүннет» деген ұранмен 1200 жылдық фиқһ мектептерінің еңбегін жоққа шығарады. Ал ҚМДБ пәтуаларында мәзһаб ұстану – үмбеттің бірлігінің кепілі екені айтылған.
Тарихта бұл көзқарас Заһири мәзһабының негізін қалаушы Дәуд ибн Әли мен Ибн Хазмның еңбектерінде көрінген. Қазіргі таңда кейбір ағымдар осы әдісті қайта жаңғыртып жүр.
Әһли сүннеттің мәтінді түсінудегі алтын орта жолы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менің үмбетім адасушылықта бірікпейді», – деген. Әһли сүннет жолы – сол көпшіліктің жолы. Оның негізгі қағидалары:
Нақыл мен ақылдың үйлесімі. Имам Әбу Ханифа: «Егер хадис сахих болса, ол менің мәзһабым», – дей келе, хадисті түсінуде ақыл мен тіл қағидаларын қолданған.
Мақсатқа қарау. Шариғаттың мақсаты – адамның жанын, ақылын, дінін, абыройын, мүлкін қорғау. Буквалистер кейде осы мақсатты ескермей, үкімді тар мағынада шектейді.
Ижма мен қиясқа жүгіну. Бір мәселеде аят-хадис ашық келмесе, ғұламалардың ортақ тұжырымы мен ұқсастық бойынша шешім шығарылады. Бұл – діннің тоқтап қалмауының кепілі.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі бекіткен «Тұғырнамада» біздің жолымыз – Әбу Мансур Мәтуриди ақидасы екені нақты көрсетілген. Мәтуридилік сенім бойынша, Алла Тағала мекен мен бағыттан пәк, Оның сипаттары жаратылысқа ұқсамайды.
Буквализмнің қоғам мен шариғатқа тигізер зияны
Ақиданың бұзылуы. Сипат аяттарын тура мағынада алу – тәжсим мен тәшбихке, яғни Алланы денеге теңеуге апарады. Бұл – үлкен адасушылық.
Фиқһи тұйықтық. «Шарап харам» дегенді тек жүзімнен жасалған ішімдік деп түсіну – есірткінің басқа түрлеріне жол ашады. Ал Ханафи мәзһабы мас қылатынның бәрін харам деп, үкімнің себебіне қарайды.
Үмбеттің ішіне іріткі салу. Өзгеше ойлағанды «бидғатшы», «мүшрик» деп айыптау – такфиршілікке жол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бауырын кәпір десе, екеуінің бірі сол сөзге лайық», – деп ескерткен.
Жастарды діннен суыту. Ғылым мен қисынға қайшы үстірт пәтуалар зиялы жастардың Исламды «ортағасырлық» дін ретінде қабылдауына себеп болады. Ал дұрыс түсіндірілген Ислам – ғылымға қарсы емес, қайта оны қолдайды.
Қорытынды
Қазақ даласына Ислам Ханафи мәзһабы мен Мәтуриди ақидасы арқылы келді. Бұл жол – бабаларымыз ұстанған сара жол, толеранттылықтың, ғылым мен діннің үндестігінің, ұлт бірлігінің діңгегі. Буквалистік көзқарас сырттай «таза дінге шақырғандай» көрінгенімен, түптеп келгенде шариғатты қатырып, мұсылмандарды жікке бөледі және адастырады. Сондықтан әрбір мұсылман Құран мен сүннетті жеке түйсігімен емес, 14 ғасыр бойы қалыптасқан Әһли сүннет ғұламаларының түсіндірмесімен ұғынуға міндетті. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі және Шариғат және пәтуа бөлімі берген үкімдерге берік болып, жергілікті имамдардан дәріс алу – адасудан сақтайтын ең дұрыс жол. Алла Тағала бәрімізді тура жолдан айырмасын. Әмин!
Талғар аудандық “Әбу Бәкір ас-Сыддық” мешітінің бас имамы
Қаби Ринат Маратұлы

