preloader

Мақалалар

Дін мен дәстүр бойынша ат қою мәдениеті

Дін мен дәстүр бойынша ат қою мәдениеті

Ат қою – адам баласының дүниеге келген сәтінен бастап, оның тұтас тағдырына, болашағына өте күшті әсер ететін мәдени-рухани дәстүр. Ат қою дәстүрінің осынау маңызын жете түсінген қазақ халқы ежелден-ақ бұл іске аса үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланың дүниеге келуінің өзі үлкен нығмет екенін ескеріп, оған қамқор болу, жақсы тәлім-тәрбие беру – ата-ананың борышы деп білген.

Мүбәрак Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру», – деген. Сондай-ақ перзент деген аманатқа жасалатын ең алғашқы қамқорлық – оған қайырлы, мағыналы есім беру екенін де жақсы білген. Тіпті, ат қою міндетін халқына еңбегі сіңген, абыройлы адамдарға жүктегенді жөн көрген. «Ат – бала үшін тектіліктің кілті, әдептің бастауы, өмірлік бағдар» деп, ат қойған сәтте жиналған көпшілік те «Азамат болсын!», «Атына заты сай болсын!», «Салих болсын!» деген тілектерін жаудырады.

Дінімізде де, халқымыздың таным-түсінігінде де есім, ең әуелі, ата-ананың баласының болашағына деген ізгі ниет, тілегінен туатыны айтылады. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс, жақсы ат – толық ырыс» деуі де осыған байланысты. Адам есімінің оның болмысына, мінезіне, рухани-мәдени өміріне, тіпті ақыретіне де әсер ететіні сөзсіз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Қиямет күні сендер өз аттарыңмен және әкелеріңнің аттарымен аталасыңдар. Сондықтан балаларыңа жақсы есімдер қойыңдар», – деп өсиет еткен.

Бүтін тұрмыс-тіршілігі мен таным-түсінігі ислам дінімен астасып жатқан қазақ халқы да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы өсиетіне амал етіп, балаға ат қою мәдениетін рухани-тәлімдік деңгейге дейін көтерген. Соған байланысты «Есім – өмір есігі, адам серігі» деп білген халқымызда адам аттарының кеңінен таралған белгілі бір категориялары бар.

Мәселен, бесігін тербетіп, сәбиін әлдилеп отырған ата-ана:

«Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?»

деп тілек қыла отырып, батыр бабаларымызға ұқсасын деген ниетпен балаларына Ербол, Қайрат, Батырхан, Алпамыс, Райымбек, Исатай, Махамбет деген секілді есімдерді қойған.

«Қылған ісің оң болып,
Кигенің жақсы тон болып,
Момын болар ма екенсің?»

деп, баласына көркем мінез, кемел иман тілегенде, көбінесе Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарына байланыстырып немесе пайғамбарлар мен сахабалардың есімдерін қойған ата-аналар да болған. Мысалы, Абдуррахман, Ибраһим, Омар, Сабыр, Мәриям, Айша т.б.

Сол секілді баласының жүзі нұрлы, мінезі жұмсақ болсын деген ниетпен Нұрбол, Нұрсая, Нұрсұлтан, Айкерім, Мейіргүл, Жібек, Ақниет деген есімдерді қойған.

Адам есімінің оның болмысы мен өміріне әсері туралы мысал ретінде төрт халифаның бірі – хазреті Омар (р.ғ.) есімін келтіруге болады. Оның есімі араб тілінде «құдіретті, мықты» деген мағынаны білдіреді. Сәйкесінше, хазреті Омар (р.ғ.) Исламды қабылдағанға дейін де қайратты, батыл, әділ мінезімен танылып, кейін бұл қасиеттері иманмен күшейіп, «Әділеттің халифасы» атанған. Тіпті мүбәрак Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі: «Егер менен кейін пайғамбар келер болса, ол – Омар болар еді», – деген екен.

Өзіміздің Абылай ханның да есімі мен тағдырында ерекше үйлесім бар. «Абылай» есімі араб-парсы түбірінен «абырой, даңқ» деген мағынаны білдіреді. Ал оның шын аты – Әбілмансұр, араб тілінен аударғанда «Алланың жәрдемімен жеңіске жеткен» дегенді білдіреді. Сөзсіз, бұл екі есім де оның өмірлік жолына оң әсер еткен. Атақты Абылай хан жастайынан жетімдік көрсе де, Алланың жәрдемімен ел билеп, тарыдай шашыраған халқымызды біріктіріп, үш жүзді бір тудың астына жинаған, «Әділ хан», «Ел тірегі» атанып, мәңгіге ел есінде қалған.

Қорыта айтқанда, адам аты – ата-ананың ізгі ниет-тілегімен өрілетін, кейін тұтас тағдырына әсер ететін маңызды рухани белгі. Сол себепті бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, оны аманат деп білудің маңызы зор.

Алла Тағала баршамызға ұл-қыздарымызға қайырлы, нұрлы, мағыналы есім қоюды әрі сол есімге лайықты ғұмыр кешуді нәсіп етсін.
Әмин!

Алматы облысы, Іле ауданы, Н.Тілендиев ауылы,
«Сманқұл» мешітінің наиб имамы – Серікхан Сайлаухан