Дін мен дәстүр – жас ұрпақтың рухани тұғыры
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында дін мен дәстүр — ұлттың рухани өзегіне айналған. Бұл екеуі — бір-бірінен ажырамайтын қос қанат іспетті. Әсіресе жас ұрпақтың бойына адамгершілік, имандылық, тәрбие мен тәлім дарытуда дін мен дәстүрдің маңызы зор.
Әрбір ұлттың өзіне тән ұлттық ерекшелігі, тілі мен дәстүрі, діни сенімі бар. Бұл тұрғысында Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Ғафу жолын ұстан, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»
(«Ағраф» сүресі, 199-аят), – деп бұйырады.
«Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның» демекші, салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі қашанда берік, келешегі кемел болары анық. Қазақтың дәстүрінде баланы жастайынан сүндетке отырғызу, бата беру, ас ішу әдебі, үлкенге сәлем беру, жетімге қамқор болу, қартқа құрмет көрсету сияқты игі ғұрыптар бар.
Дін – жүрекке иман ұялатса, дәстүр – сол иманның көрінісі ретінде өмір салтымызда бекіген. Бата беру, сәлем салу, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету – бұлардың барлығы ата-бабамыздан дінмен біте қайнасып жеткен тәрбие үлгілері. Оларды мойындамау немесе теріске шығару – Жаратушының заңына қарсы шығумен тең.
Алла Тағала Құранда:
«Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы – Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осыны білгендер үшін сөзсіз, дәлелдер бар»
(«Рум» сүресі, 22-аят), – дейді.
Аятта айтылғандай, әр халықтың өзіне тән тілі, ұлттық ерекшелігі мен мәдениеті бар. Қазақ халқы да ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі, жөн-жоралғылары мен ғұрыптарын сақтап келеді.
Дін мен дәстүр – жас ұрпақтың рухани тірегі.
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында бұл қос құндылық – руханияттың қос тірегі ретінде қалыптасқан. Дін мен дәстүр ұлттың болмысын, адамгершілік қағидаларын, ұрпақ тәрбиесінің негізін айқындайтын рухани жүйе болып саналады.
Бүгінгі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына имандылық пен ұлттық тәрбие қатар сіңуі – заман талабы ғана емес, қоғамның тұрақты дамуының кепілі.
Ислам діні – ізгілікті, әділдікті, тазалықты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бұйырады. Бұл – халқымыздың салт-дәстүрімен толық үндесіп жатқан рухани негіз. Мұның бәрі дінмен астасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
Сондықтан дін мен дәстүр арасындағы сабақтастық мәдениеттің дамуына, қоғамның бірлігін сақтауға және ұрпақтар арасындағы байланысқа үлкен әсер етеді. Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі.
Дәстүрлі ислам – қараңғылық пен надандықтың емес, мейірім мен жасампаздықтың діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген және солай болып қала береді.
Қақпақ ауылы «Саудабай» мешітінің имамы
Айбалтаев Сейсенбай Айтқұлұлы


