ДҰРЫС ОРТА ТАҢДАУДЫҢ ӘСЕРІ
Адам өмірінде ортаның алатын орны ерекше. Өйткені, адамның мінез-құлқы, дүниетанымы, ойлау қабілеті мен болашақтағы жетістіктері көбінесе оның араласатын ортасына байланысты қалыптасады. «Досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген нақыл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Расында да, адам кіммен бірге жүрсе, солардың әдетін, көзқарасын және өмір салтын бойына сіңіреді. Сол себепті де, асыл дініміз де адамның жақсы жолдасы болуына ерекше мән берген.
Бізге қасиетті Құранда Алла Тағаланың Өзі : «Сабыр етіп, таңертең және кешке Раббысының разылығын тілеп, Оған жалбарынатындармен бірге бол» («Кәһф» сүресі, 28-аят) деп бұйырумен, ізгі, игі ниеттілермен бірге болуымызға жөн сілтейді. Тағы бір аятта: «Сол күні залым адам екі қолын тістеп: “Әттеген-ай! Пайғамбармен бірге болғанымда ғой! Қап, пәленшені дос тұтпағанымда ғой!” – дейді» («Фурқан» сүресі, 27–28-аяттар) деп, жаман достың дүниенің соңында өкінішке алып келетіндігі ескертіледі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам өз досының дінінде болады. Сондықтан әрқайсың кіммен дос болғанына қарасын» деген хадисінде адамның рухани деңгейіне, мінезіне және өмірлік ұстанымдарына достарының тікелей әсер ететінін баяндаған. Одан өзге және бір хадисте Алла Елшісі (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсы жолдас пен жаман жолдастың мысалын әтір сатушы мен көрік үрлеушіге теңейді. Әтір сатушыдан хош иіс сатып алмасаң да оның жұпар иісі саған әсер етеді. Ал көрік үрлеушінің жанында отырсаң, киімің күйіп қалуы немесе жағымсыз иіс жұқтыруың мүмкін. Демек, жақсы адамның қасында болудың өзі адамға пайда әкелсе, жаман адамның қасында болу зиян келтіруі мүмкін.
Ұлттық дүниетанымымызда да бұл мәселеге терең маңыз беріліп, «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа», «Кіммен жолдас болсаң, соған ұқсарсың», «Жаман дос көлеңкеңдей: күн ашықта қасыңда, бұлт түскенде қасыңда болмайды» деген аталы сөздер арқылы үлкендер жастарға бағыт сілтеп отырған.
Ислам тарихына көз жүгіртсек, дұрыс ортаның арқасында үлкен дәрежеге жеткен тұлғаларды көптеп кездестіреміз. Солардың бірі – Хазірет Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла одан разы болсын). Ол Пайғамбарымыздың (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын серігі болды. Алла Елшісінің тәрбиесін алып, оның әрбір ісінен өнеге көрді. Соның нәтижесінде мұсылман үмбетінің ең абзал тұлғаларының біріне айналды. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін де Ислам мемлекетінің алғашқы халифасы болып, дінді қорғауда үлкен қызмет атқарды. Оның бұл дәрежеге жетуіне Пайғамбарымызбен бірге болуы мен ізгі ортада тәрбиеленуі себеп болды.
Сондай-ақ , Хазірет Омар ибн Хаттабтың (Алла одан разы болсын) өмірі де бізге үлкен ғибрат береді. Исламға дейін мұсылмандарға қарсы болған Омар Құран аяттарын тыңдап, иман келтірген жандардың ортасына келгеннен кейін мүлде басқа адамға айналды. Оның жүрегіне иман орнығып, кейін мұсылман әлеміндегі ең әділ басшылардың бірі болды. Егер ол бұрынғы ортасында қалып қойған болса, тарихта дәл осындай ұлы тұлға ретінде танылмас еді.
Тағы бір ғибратты оқиға Имам Шафиғиден жеткен. Бір күні оған жақсы мінездің сыры неде деп сұрағанда, ол: «Мен әрдайым өзімнен жақсы адамдардың жанында болуға тырыстым» деп тағымды жауап берген. Яғни, бұл дегеніміз пенде өзін тұлға ретінде үнемі жетілдіріп отыруды қаласа өзінен білімдірек, тәрбиелірек, тақуарақ адамдармен бірге болуы қажет екенін аңғартады.
Қазіргі уақытта дұрыс орта таңдау бұрынғыдан да маңызды. Себебі, жастарға тек достары ғана емес, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігі әлдеқайда көбірек ықпал етіп жатқаны ащы да болса шындық. Сондықтан әрбір адам өзіне пайдалы білім беретін, жақсы әдеттерге шақыратын, иманын күшейтетін ортаны таңдай біліп, керісінше жаман әдеттерге шақыратын, уақытты бос өткізуге үйрететін және адамды күнәға жетелейтін орталардан сақтану қажет. Жақсы дос кейпінде көрініп, бірақ сені рухани дамуыңа кедергі келтіретін, тәнің мен жаныңа зиян шектіретін һәм өзгелерге де пайда әкелмейтін істерге жетелейтін қасыңдағы жандардан, іргеңді аулақ ұстаған жөн болады. Ондай адамдардан шын мәнінде нағыз дос еместігін Қабан жырау бабамыз заманында-ақ жырларында айтып кеткен:
Арам пейіл адамдар,
Достығында тұрмайды.
Араңа кірсе сумаңдап,
Сырыңды шым-шым ұрайды.
Жамандықтың белгісі,
Әр нәрсені торлайды.
Осындайлармен дос болса,
Ақылды жігіт сорлайды.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы да адамның қалыптасуына ортаның әсерін «Он оғызыншы» қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды да, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», деп ерекше атап өткен. Расында да, жақсы орта адамға жігер береді, білімге ынталандырады, мақсатына жетуге көмектеседі және қиындықта қолдау көрсетеді.
Сөз соңында, дұрыс орта таңдау – әр адамның өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Жақсы орта адамды имандылыққа, білімге, көркем мінезге және жетістікке жетелесе, жаман орта оны өкінішке апаратын жолға түсіруі мүмкін. Сондықтан әрбір мұсылман өзінің достарын, араласатын адамдарын және уақыт өткізетін ортасын мұқият таңдауы қажет. Құран аяттары, Пайғамбар хадистері, сахабалардың өмірі мен ислам ғұламаларының өнегесі бізге осыны үйретеді. Ендеше, өзіміз де жақсы орта қалыптастырып, айналамыздағы адамдарға пайдалы болуға ұмтылайық.
Алматы облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы

