preloader

Мақалалар

Көркем мінез – имандылық белгісі

Көркем мінез – имандылық белгісі

Ислам – әдептілік және жақсы мінездің діні. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім» деп бұйырған. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Сендердің иман жағынан кәміл болғандарың мінезі жақсы болып, адамдарға жақсылық жасағандарың» деп тіпті иманды да мінезбен және адамдарға пайдалы болумен өлшеген.

Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез – құлқы ең жақсы болғандарың» деп бұйырды.

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?», – деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін Алла елшісі (с.ғ.с.) (өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. (Сонда адамдар): «Иә, Алла елшісі», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез – құлықтыларың», – депті.

«Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі – ең жақсы мінез – құлықтысы», «Қияметте таразыны ең ауыр басатын амал – Алладан қорқу мен көркем мінез» деген хадистер де көркем мінездің маңызы қаншалықты екенін көрсетеді.

Алладан қорқу деген ұғымды қарапайым сөзбен иман деп айтамыз. Әлбетте имансыз адам Алладан қорықпайды. Мысалы, бір адам отанына, қала берді бүкіл адамзатқа пайдалы қызмет етті делік, алайда, жергілікті билікті мойындамаса, тәртіптеріне бағынбаса істеген әрекеттерінің пайдасы болмайды, тіпті жазалануы да мүмкін. Сол сияқты әлемнің Жаратушысын, Иесін танымаған адам отанына, халқына қанша қызмет жасаса да ақыретте пайда бермейді.

Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған. Олай болса әдептіліктің қағидаларын исламнан іздеп, одан қол үзбей адамгершілігімізге сай ғұмыр кешсек арымыздың тазалығына кір келмесі анық.

«Алла бұл дінді Өзіне тән қылды. Сендердің діндеріңе жомарттық пен көркем мінезден басқасы жараспайды. Ояныңдар. Осы екі қасиет арқылы діндеріңізді көркемдеңіздер. Сірке балды қалай бұзса, жаман мінез – құлық та сол секілді ізгі амалдарды бұзады (жарамсыз етеді)» деген екен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде.

Реті келгенде жылы жүзбен кісіге күле қарағанның өзі садақа болып есептелсе, кісі көңілін қалдыру мұсылмандар үшін аса қасиетті, киелі Қағбаны жыққанмен бірдей.

Кемелдіктің айнасы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адамдар мінез – құлықтары жағынан бір – бірінен ерекшеленеді. Кім көркем мінезімен Алланың Елшісіне жақындаса, онда ол сондайлық Алла Тағалаға жақындаған саналмақ». Сол себепті де Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деген.

Иә, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне талмай дәріптеген көркем мінезді бүгінгі мұсылмандар бойларына сіңіре алды ма?

Шындығында, жүрегіне иман ұялаған әр бір пенде мінез – құлқының көркем болуына аса мән берері сөзсіз. Көп жағдайда туа біткен табиғи мінезіміз бен ортаға қарай қалыптасқан құлқымыз көркемдікке ұмтылысымызды бұғап, өзі бетіне қалқып шыға беретіні тағы бар. Сондықтан да көркем мінезге қол жеткізу үшін нәпсіні тәрбиелеп, жүректің қара емес, ақ реңктерін көбейтіп, иманды кемелдендіру қажет. Яғни, пенде құлшылығымен Алла Тағалаға жақындаған сайын, оның ахлағы да көркейе түсері анық. Сондай – ақ, діни һәм дүниелік білімің жетік болғанымен мінезің көркем болмаса, іліміңмен қылған амалыңды бекерге жоюы әбден мүмкін.

Көркем мінез дегеніміз бір сөзбен айтқанда әдептілік. Бұрынғы ғұламалар әдеп туралы небір құнды қанатты сөздер қалдырды. Мысалы, «Әдептілік – арлылық, әдепсіздік – сорлылық», «Әдептілік – әдемілік», «Әдеп – адамның киімі тәрізді» деген қанатты сөз әдепті бейнелі түрде түсіндірген. Әрине, әдеп адамның тәнінің емес, рухы мен жанының киімі. Киім болмаса, ұятты жерлеріміз ашық болып тұратыны секілді, әдеп болмаса, рухымыздағы кейбір ағат мінездер жұртқа көрініп жүреді.

Тағы бір ғалым: «Әдеп – тәж секілді. Оны киген кісі бар бәледен құтылады» деген. Ойланып қараңызшы, шындығында, әдепті кісіге ешбір адам жау болмайды, қастаспайды да. Әдепті кісілерді жұрттың бәрі сыйлайды, тіпті патшадай құрметтейді.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез – құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.

Халқымыз: «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі», – деп текке айтпаған.

«…Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз», – деп Абай атамыз айтқанындай мінезіміз қанша келіспей тұрса да парасатты адамдарға ұқсап бағу керек.

Қорыта айтсақ, көркем мінез – мүминдер үшін екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден – бір жол. Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз Ислам ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының Исламға деген махаббаты да арта түсер еді.

Осы айтылған аят пен хадистер, сүннеттерді, қазақи негізгі ұстанымдарды жүрегімізге жайғастырып, көңілімізге тоқып бір – бірімізге мейірімді һәм кешірімді, жанашыр, пана, қамқор болайық!

Рахманәлі Әбдуәліұлы,

Іле ауданы М. Түймебаев ауылы “Исмайл ибн Ибраһим” мешітінің наиб имамы