preloader

Мақалалар

Мәһір мен қалың мал бір нәрсе ме?

Мәһір мен қалың мал бір нәрсе ме?

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Исламдағы ер адамның әйелі алдындағы міндеттері туралы айтатын болсақ, негізінен олар материалдық сипатта екені мәлім.

Қалың мал кейбір халықтардың ислам дініне дейінгі өмір салтымен байланысты. Бұл дәстүрге сәйкес күйеу жігіт қалыңдықтың ата-анасы мен туған-туыстарына ақша немесе құнды сыйлықтар береді.

Бірқатар ғалымдардың пікірінше қалың малды төлеудегі негізгі мақсат –бойжеткеннің ата-анасының көңілін жұбату, сыйластықты арттыру ғана емес, бұл отбасының жұмысшы қолдарды және мүлікті (қыздың жасауы) жоғалтуы үшін өзіндік өтемақы беру.

Мәһірге келетін болсақ, бұл ислам дінімен байланысты ұғым. Оның қалың малдан айырмашылығы, мәһірді ер адам әйеліне тікелей береді және ол неке сыйы болып табылады.

Құранда бұл жайында:

«Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер. Егер олар өз ризашылығымен сол мәһірдің бір бөлігін өздеріңе қалдырса, сендер үшін таза һәм адал. Игіліктеріңе жаратып, қызығын көріңдер» («ан-Ниса» сүресі, 4-ші аят), деп айтылады.

Мәһірге қалыңдықтың рұқсатынсыз ешкім қол сала алмайды. Өйткені ол – әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір болу немесе ажырасу) материалдық, мұқтаждық көрмеуі үшін жасалатын қамқорлық.

Ислам дінінде мәһірге қатысты өзіндік талаптар бар. Мысалы, Ханафи мәзһабында мәһірдің материалдық құндылығы болуы керек. Оның минималды өлшемі бар. Қазіргі уақытта мәһірдің ең төменгі мөлшері шамамен 100 мың теңгені құрайды.

Мәһірдің мөлшері мұсылман аймақтарында қалыптасқан дәстүрлерге байланысты болуы мүмкін екендігін айта кеткеніміз жөн. Себебі мәһірдің төменгі шегі белгілі болғанымен, максималды мөлшері белгіленбеген.

Ертеде, қалыңмал деп қалыңдық жасауына кіретін заттарды дайындау үшін қыздың ата-анасына берілетін төрт түлік мал айтылса, қазір ол көбінесе ақшалай түрде төленеді. Дегенмен, мазмұны сол күйінде қалып, бұл қаражатқа үй жиһаздары және жас жұбайлардың тұрмысына қажетті бұйымдар алынады.

Қазіргі уақытта қалыңмалды мәһір ретінде қабылдап, неке шарттарының бірі ретінде қарастыруға болады. Яғни, қалыңмал күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы ретінде есептеледі.

Десе де, имам Әбу Ханифаның әрі өзге де ғалымдардың пікірінше, қыздың әкесі күйеу жігіттен мәһірдің тысында ақша талап етуге хақысы жоқ. Бірақ күйеу жігіттің өз көңіл қалауымен жарының ата-анасына сый-сияпат беруіне тыйым салынбаған.

Ринат Маратұлы,

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы