Мақсатсыз адам – бағытсыз кеме
Ғаламдағы әрбір жаратылыс белгілі бір миссиямен жаратылған. Соның ішінде барлық тіршілік атаулының ішінен дәрежесі биік болған адам баласының мақсаты да биік. Сондықтан да Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде адамға ақыл беріп, оның негізгі мақсаты жайлы: «Адам баласын Біз тек құлшылық ету үшін жараттық» (Зәрият сүресі, 56-аят) деп баяндайды.
Яғни, құлшылық етуден бөлек, пенденің өмірде өз орнын табуы, өз болмыс сипатына мен қабілеттеріне сай дарынын іске асырып, соған сәйкес өмірлік мақсатына ұмтылуы қажеттігі айтылады. Десе де, бұл жалғанда өмір мақсатын жоғалтып, бейқамдықта жүрген жандар да аз емес. Сол үшін де дана халқымыз «Мақсатсыз адам – бағытсыз кеме» деп бекер айтпаған.
Мақсатсыз адам – бағыты жоқ кеме іспетті. Өмір теңізінде адаспау үшін әр күнімізді нақты бір мұратқа бағыштап, ең ұлы мақсат – Раббымыздың разылығына жетуге ұмтылу қажет. Ол үшін адам әр амалы мен ниетін жүзеге асырар алдында жету нүктесін айқындап, бағамдай білуі тиіс.
Жалпы, адам баласы жаратылысынан ұмытшақ әрі әлсіз болғандықтан, кей кездері өзінің тура бағытынан бұрылып жататын сәттер кездеседі. Кейін сол бұрылыстардан сабақ алып, өзіне зиян тигізетіні де өмір шындығы. Оған себеп – адам өзіне берілген көптеген нығметтердің қадірін жете түсінбеуінде.
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ:
*«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біліңдер:
-
Өлім келмей тұрып, өмірдің қадірін;
-
Бір нәрсемен шұғылданбас бұрын, бос уақыттың қадірін;
-
Ауырмай тұрып, денсаулықтың қадірін;
-
Қартаймай тұрып, жастықтың қадірін;
-
Кедейліктен бұрын, байлықтың қадірін»* – деген.
Яғни, хадистен түйеріміз – өмір сапарындағы мақсатсыздық уақытты бос өткізу мен аманат ғұмырды зая қылудың айқын көрінісі болмақ.
Ислам – мақсат пен ниетке ерекше мән берген дін. Себебі мақсатсыз адам өз болмысының қадірін түсінбейді, өмірін бағаламайды. Ал нақты мақсат адамды ертеңге жетелейді, ұмтылысты арттырады, еңбекті нәтижелі етеді.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Кім ақыретті мақсат етсе, оның еңбегін арттырамыз. Ал кім дүниені ғана мақсат етсе, оған дүниеден қалағанын береміз, бірақ ақыретте оның еншісі болмайды» (Шура сүресі, 20-аят).
Бұл аят адамға өмірлік басымдықты дұрыс қоюдың маңызын ескертеді. Осыған орай Сүйінбай Аронұлы бабамыз да өмірдің қысқалығын айтып, сол қысқа уақытта мағыналы, мақсатты болу қажеттігін жырлайды:
Бұл пәни ұзақ болса, жүз жыл болар,
Байқасаң, тоқтауы жоқ бұл бір сонар.
Сонаршы кешке дейін түлкі қуған,
Күн батып, шаршаған соң ақыр қонар.
Мақсат – адамды ойлы болуға, жауапкершілікті сезінуге және өмірдің әр кезеңінде тиісті істерге ыждағатты болуға бағыттайды.
Осы тұста адамның өміріндегі әр кезеңнің өз миссиясы бар екенін шешен сөзбен ұғындырған бұрынғы билердің өмірінен мысал келтірейік.
Әйтеке би туралы ел арасында мынадай дерек бар: ол Түркістан мен Күлтөбеде өтетін билер кеңесіне бара жатып та, қайтарында да Әнет бабаға соғып, сәлем беріп өткен екен. Әнет баба да оны қатты сыйлапты. Бір күні Әнет баба Әйтеке биге:
– Әйтекежан, бүгін бір түс көріп, соны саған жорытайын деп отырмын, – дейді.
– Түсіңізді Жүсіп пайғамбар жорысын, Алла қаласа, біз де білгенімізді айтамыз, – дейді Әйтеке би.
Сонда Әнет баба:
– Түсімде мынадай нәрселер көріппін: он лақ, алпыс ақта, жиырма қасқыр, жетпіс желкілдек, отыз жолбарыс, сексен селкілдек, қырық түлкі, тоқсан домалақ, елу ноқта. Бұл не нәрсе болды екен, би інім? – дейді.
Сонда Әйтеке би күліп:
– Әй, қасиетіңнен айналайын, Әнет баба-ай! Бәрі дұрыс қой, бірақ алпыс ақта емес – арқа еді, жетпіс желкілдек емес – желкен еді, сексен көркем еді, тоқсан торқам еді ғой, – дейді.
Әнет баба бұған риза болып, көзіне жас алыпты.
Сөйтсе, түсінің мәні былай екен:
Он лақ – он жастағы балалық шақ;
Жиырма қасқыр – жиырмадағы қайрат;
Отыз жолбарыс – отыздағы жігіттік;
Қырық түлкі – қырқындағы даналық;
Елу ноқта – елудегі сабыр мен байсалдылық;
Алпыс ақта – алпыстағы арқа сүйер абырой;
Жетпіс желкілдек – жетпістегі әлсіздік;
Сексен селкілдек – сексендегі діріл мен қарттық;
Тоқсан домалақ – тоқсандағы дәрменсіздік.
Сонда Әйтеке би бұл мағынаны жоғары рухта түзетіп:
– Әнет баба, сіз алпыста – арқа болдыңыз, жетпісте – желкенін көтерген кемедей болдыңыз, сексенде – көркем ақсақал болдыңыз, тоқсанда – өміріңіз торқадай берекелі болды, – деген екен.
Әнет баба сонда риза болып:
– Әйтекежан, көп жаса! – деп бата берген деседі.
Демек, нақты мақсат – дұрыс ниеттің жемісі. Мақсат неғұрлым биік болса, нәтиже соғұрлым берекелі болады.
Мақсат қойған адам:
• уақытын тиімді пайдаланады;
• өзіне сенімді болады;
• қоғамға пайдалы тұлғаға айналады;
• қиындыққа мойымайды.
Ал мақсатсыз адам:
• әр істі бастап, аяқсыз қалдырады;
• еріншектікке салынады;
• өз өмірінің жауапкершілігін сезінбейді;
• басқа адамдардың ықпалында кетеді.
Өмірдегі ең үлкен өкініш — «мүмкін еді» деген сөз.
Ал, «Мүміннің мақсаты қандай болуы керек?» дер болсақ:
-
Алланың разылығын табу;
-
Ілім іздену;
-
Отбасы мен қоғамға пайдалы болу;
-
Адал еңбекпен ризық табу;
-
Ақырет қамын жасау.
Қорыта айтқанда, ең ұлы мақсат – Раббымыздың разылығына жету. Сол арқылы екі өмірдің де бақытына кенеліп, нағыз Құдай сүйген құл болуға ұмтылу. Бірақ бір жақтылыққа салынып, дүние қызметін жасауда ақырет мақсатын ұмытпауымыз, және керісінше, ақырет ісін атқарғанда дүниедегі тиісті мақсаттарымызды да естен шығармауымыз қажет.
Алла Тағала баршамыздың өмірімізді мәнді де мақсатты етсін!
Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы


