preloader

Мақалалар

ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН АДАМНЫҢ ЖАНАЗА НАМАЗЫ

ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН АДАМНЫҢ ЖАНАЗА НАМАЗЫ

Сұрақ: Өзіне қол жұмсаған адамға жаназа намазы оқылады ма? Кейбіреулер оқылады десе, енді біреулер оқылмайды дейді. Қайсысы дұрыс?

Жауап: Ханафи мәзһабы бойынша ислам құқығында мәйітке жаназа намазын оқу – парыз кифая. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

صَلُّوا عَلَى صَاحِبِكُمْ

«Марқұм достарыңа жаназа намазын оқыңдар» – деп бұйырған [1].

Дегенмен жаназа намазының орындалуы үшін мәйітке тиісті белгілі шарттар бар:

1. Мәйіт мұсылман болуы. Өйткені мұсылман емес кісіге жаназа намазы оқылмайды. Осыған қатысты Алла тағала Құран Кәрімде былай деп әмір етеді:

وَلَا تُصَلِّ عَلَىٰٓ أَحَدٍ مِّنۡهُم مَّاتَ أَبَدًا وَلَا تَقُمۡ عَلَىٰ قَبۡرِهِۦٓۖ إِنَّهُمۡ كَفَرُواْ بِٱللَّهِ وَرَسُولِهِۦ وَمَاتُواْ وَهُمۡ فَـٰسِقُونَ

«(Уа, Мұхаммед!) Олардың мәңгілікке өлген бірде-біреуінің жаназасын оқыма һәм дұға ету мақсатында қабірінің басына барып тұрма. Расында, олар Алланы да, пайғамбарын да мойындамай, күпірлік қылды әрі тура жолдан тайған азғын күйінде өлді» [2].

2. Мәйіт жуылған таза болуы. Себебі ғұсылсыз, дәретсіз, үзірлі жағдайда тәйәммумсіз намаз оқылмайды.

3. Мәйіт имам мен жамағаттың алдында, жерге қойылған болуы. Өйткені ханафи мәзһабы бойынша мәйіт жоқ жерде жаназа намазы оқылмайды [3].

Исламда адамның өзіне қол жұмсауы – харам іс болып табылады. Мұндай адам өз-өзіне зұлымдық жасаған болып саналады және пасық (күнәһар) деп есептеледі [3]. Алайда Ханафи мәзһабы имамдарының пікірі бойынша, өзіне қол жұмсаған мұсылманның жаназасы оқылады. Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед:

صَلُّوا عَلَى كُلِّ بَرًّ وَ فَاجِرٍ

«Ізгі адамға да, пасық күнәһар адамға да жаназа намазын оқыңдар» [4] деген хадиске сүйеніп, жаназа оқылады деген пікір білдірген. Ал Имам ӘбуЮсуф ондай кісіге жаназа намазы оқылмайды деген [5]. Ол Пайғамбарымыздың өзіне қол салған адамға жаназа оқудан бас тартқан риуаятқа сүйенген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жебенің ұшымен өзіне қол жұмсаған адамды алып келгенде «Мен оған жаназа намаз оқымаймын» – деп айтқан [6].

Ханафи мәзһабының негізгі көсқарасы Имам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммедтің пікірі болып табылады. Ғалымдардың басым бөлігі Пайғамбарымыз өзіне қол салған адамның жаназасын оқымауды оған жаза ретінде және өзгелерді мұндай әрекеттен тыю мақсатында жасаған дейді. Бірақ сахабалар ол адамның жаназасын оқыған [7].

1. Сахих әл-Бұхари, 2295; Сахих Муслим, 1619.

2. «Тәубә» сүресі, 84-аят.

3. Фәтх баб әл-Иная шарх китаб ән-Нұқая, т.1, 690-б.; т.1, 733-бет.

4. Сүнән әд-Дәрақұтни, 1769.

5. Мәрақ әл-Фәләх, 562-бет

6. Сүнән ән-Нәсаи, 1964

7. Мултәқа әл-Әбхур (әт-тәалиқ әл-муяссәр алә мултәқа әл-әбхур), 154-бет.

Алматы облыстық орталық Қапшағай мешітінің наиб имамы
Құрбанов Бауыржан Омарұлы