ОТБАСЫНДАҒЫ ӘКЕНІҢ ОРНЫ
Ислам дінінде ата-ананың орны, оған көрсетілетін құрметке үлкен мән беріледі. Әрбір перзент ата-анасын құрметтеу, оған жақсылық жасау арқылы Алла тағаланың разылығына бөленеді. Қасиетті Құранда: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті» – деп анық айтылған.
Отбасында үлкен рөл атқаратын тұлға – ол әке. Әкеге қарап – ұл өсер деген атам қазақ. Әке өзінің адалдығымен, шыншылдығымен, жақсы мінез-құлқымен балаға өнеге бола білгенде ғана әкелік міндетін ойдағыдай атқара алады. Себебі, әке отбасының асыраушысы, қорғаны. Яғни, әке – отбасының тірегі.
Ислам дінінің тарихын алып қарар болсақ, әкенің орны туралы мысалдар жетіп артылады. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әке болудың нағыз үлгісін көрсетті. Ол өзінің әкелік міндетін ешқашан ұмытпай қызы Фатима анамызға асыл дініміздің шарттарын сақтауға, иманына берік болуаға шақырып отырған. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға мынадай насихат айтады: «Қарашығым, Фатимам! Әкем пайғамбар екен деп маған әсте сенуші болма. Есіңде болсын, уаллаһи, билләһи, ертеңгі күні – махшардағы есеп майданында мен сені құтқарып қала алмаймын – деп айтқан.
Бұл насихаттан біз нені ұғамыз? Яғни, әкенің отбасындағы ең бірінші міндеті – ол Алланы тануға ықпал ету, Ислам дінінің шарттарын үйрету, бала-шағасына имани тәрбие беру. Ардақты Пайғамбарымыздың хадисінде: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласы алдындағы міндеті – Құран үйрету, жүзу, садақ ату және көркем мінезге баулу» деп айтылған.
Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық. Әкенің баласы алдындағы ең алғашқы міндеті – Алланы таныту. Баланың шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолы мен өнегелі өсиеттерін үйретіп, бойына сіңіру. Ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүр мен аңыз-дастандардың тарихын айта отырып қазақи тәрбие беру.
Осы орайда балаға имани тәрбие берудің жолдары турасында ғалымдарымыз негізгі үш бағытты айтып өткен. Оның біріншісі – іс әрекет арқылы өнеге көрсету. Яғни бала көргенін жасайды. Сол себепті бала әкесі тарапынан тек жақсы мінез-құлық пен жақсы істерді көре білгені жөн. Әкенің намаз оқығанын, садақа бергенін, үлкендерге ізетті болғанын көріп өскен бала да сол өнегені бойына сіңіріп өседі.
Екіншісі – балаға насихат айту. Әке баласына харам мен халалды, жақсы мен жамандықты, Алланы тануды, Пайғамбар өмірін әрқашан насихат етіп айтып отырғаны абзал. Ислам дінінің негізгі құндылықтарынан сусындаған перзент діни фундаменті қалыптасқан ұрпақ болары сөзсіз.
Келесі бір бағыт – бала үшін дұға жасау. Себебі, ата-ананың бала үшін жасаған дұғасы әрдайым қабыл. «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды толық орындаушы ет» («Ибраһим» сүресі, 40-аят). «Раббым! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» – деген дұғалар отбасың үшін жасалған ең асыл дұғадан болмақ.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл «әке» мамандығының қадір-қасиетін артық ауыз сөзсіз-ақ ұғындырып тұрғандай.
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» – деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым», – деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек», – деп жауап қатқан деседі.
Дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болған. Аналар балаларын: «Әкеңнен ұят болады», «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен сұрайық», – деп өсіретін. Осы арқылы отбасындағы әкенің орны, оған құрмет айқын білініп тұратын.
Әке-шеше өмірге алып келген перзентінің болашағына жауапты. Перзент – Алланың аманаты.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Сендердің баршаларың – бақташысыңдар. Сендердің баршаларың өз қарамағындағылар үшін жауапты. Ер кісі – отбасының бақташысы. Ол өз қарамағындағы (отбасына) жауапты. Әйел күйеуінің шаңырағына жауапты. Ол өз қарамағындағыға жауапты», – деп айтқан.
Осы жауапкершілікті орынды атқаруа білу әкеге де, анаға да – сын. Шариғатымыз бекітіп берген ережелерге сай өмір сүрген отбасы қашанда бақытты болары хақ. Алла тағала ұрпақтарымызды салиқалы ұрпақтан етсін.
Бәйменов Әбілхайыр
Бесқайнар ауылдық мешітінің имамы
Талғар ауданы