Қарты бар үйдің – қазынасы бар
Қазақ халқының өмірлік философиясы – ұрпақ сабақтастығы мен үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасына негізделген. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген халық даналығы осы ұстанымның өзегін құрайды. Бұл нақыл – тек қарттардың барын қадірлеу емес, елдің рухани, мәдени және діни тұғырын сақтаудың көрінісі. Себебі қарт – өткен мен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпір, ал оның даналығы – ұлттың өмір сүру тәжірибесінің айнасы.
Ислам дінінде қарттарға құрмет көрсету – имандылықтың ең биік көріністерінің бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде:
«Кімде-кім қарияға құрмет көрсетсе, Алла Тағала оған да қартайғанда құрмет көрсететін ұрпақ нәсіп етеді», – деген.
Бұл хадистің мәні – қарияға ізет көрсету тек адамгершілік парыз емес, Алланың алдындағы сауапты іс екенінде. Қазақтың «ақсақал» ұғымы да осы исламдық түсінікпен сабақтас. Ақсақал – тек жасы үлкен емес, рухани кемелдікке жеткен, әділдігімен, кең пейілімен елге үлгі болған тұлға. Қазақ дәстүрінде қарияның батасын алу – әр істің бастауы, берекенің кепілі. Бұл ұғым да исламдық сеніммен үндеседі, себебі бата – дұғаның бір түрі. «Батаменен ел көгерер» деп бекер айтылмаған. Қарияның тілегі – ұрпақтың бағы, елдің еңсесі. Қарт – шежіре. Ол ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ата-баба жолын көкірек көзімен танып, кейінгі ұрпаққа жеткізуші. Сондықтан да қазақ қоғамында қарияның орны әрдайым биік әрі құрметті болған. Ертеде ауылдың ең маңызды мәселелері ақсақалдар кеңесінде шешілетін. Олар – бітімгер, төреші, кеңесші рөлін атқарған. Бұл дәстүр дінімізбен де үндеседі. Құран Кәрімде:
«Істеріңді өзара кеңес арқылы шешіңдер» (Шура сүресі, 38-аят)
– деп бұйырылған.
Демек, ақылға жүгіну, тәжірибеге сүйену, даналықты қадірлеу – имандылықтың белгісі. Қарттар – қоғамның рухани діңгегі, олардың сөзі – елдік пен бірліктің бастауы. Бүгінгі таңда технология дамып, қоғам жаңарғанымен, рухани құндылықтардың маңызы кеміген жоқ. Керісінше, дін мен дәстүрдің байланысын сақтап қалу – ұлттың болашағын айқындайтын маңызды фактор. Қарттарды құрметтеу тек ауыл өмірінде ғана емес, қала мәдениетінде де кеңінен жандану қажет. Өйткені қарияға құрмет – қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын өлшем. Үлкенге ізет көрсеткен ұлт ешқашан азбайды, тозбайды. Жастар үшін қарт – өмір мектебі. Оның өнегесі арқылы бала сабырды, төзімділікті, ата-ананы сыйлауды, еңбекқорлықты үйренеді. Ал дін бұл қасиеттерді «ижтиһад», «сабыр», «әдеп» деп сипаттайды. Яғни дәстүрлі қазақ тәрбиесінің өзегі – исламдық руханиятпен біте қайнасқан. «Қарты бар үй – қазынасы бар» деген мақал – қазақтың өмірлік ұстанымының, дін мен дәстүрдің тұтастығын айқындайтын терең мағыналы сөз. Қарт – өткеннің аманаты, болашақтың шамшырағы.
Дініміз қартты құрметтеуді имандылыққа балап, дәстүріміз оны ұлттың тірегіне айналдырған. Сондықтан әрбір үйде қарияның болуы – сол шаңырақтың рухани байлығы, ал оның батасы – ұрпақтың жолын жарық ететін нұр.
Жұматай Еркебұлан Ерболатұлы
Алатау қаласы, Ынтымақ шағынауданы,
«Билал ибн Раббах» мешітінің имамы


