preloader

Мақалалар

Қонақ келсе, құт келер

Қонақ келсе, құт келер

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қонақжайлылық – Құран Кәрімде және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде үлкен мән берілген ізгі қасиеттердің бірі. Бұл – кең пейілділіктің, дархандық пен мейірімділіктің жарқын көрінісі.

Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қонақтарды жақсы көргені сонша, дастарқан басында жалғыз отырмаған деседі. Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) қонақжайлығына қатысты Құранда былай деп келеді:

«(Уа, Мұхаммед!) Саған Ибраһимнің құрметті қонақтары жайлы (ғибратты) әңгіме жеткен бе еді?! Есіңде болса, олар бір күні Ибраһимге келіп: «Сәләм (яғни, саған есендік тілейміз)!» – деп сәлем берген еді. Ибраһим де өз кезегінде оларға: «Сәләм (мен де сендерге есендік тілеймін)!» – деп жылы шырай танытып, ішінен: «Бұлар өздері бұрын-соңды ұшыраспаған бейтаныс қауым болды», – деді. Сөйтті де бірден үй ішіндегілерге барып (құдайы қонақтарға арнап) семіз тананың етін пісіріп әкелді. Асты алдарына қойып: «Дәмнен алмайсыздар ма?» – деді. …» («әз-Зарият» сүресі, 24-27 аяттар).

Алла Тағала бұл жерде қонақтарға арналған тағамды дайындауға асығу керектігін меңзейді. Қонақтарға ыңғайсыздық тудырмау үшін, дайындықтың жасырын жасалғаны абзал. Соңғы аят келген адамдарға барынша сыпайылық танытып, тамақ ұсыну сияқты қонақжайлықтың тағы бір негізгі ережесіне назар аударады.

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с.):

«Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтеп, жақсылап күтсін», – деген.

Қонаққа құрмет көрсету – оны қуана қарсы алу, оны қабылдауға асығу, көңіл бөлу дегенді білдіреді.

Дініміздің негізгі қайнар көздеріне сүйеніп, тұрмыс-тіршілігін шариғат шеңберінен асырмаған халқымыз қонақжайлылыққа ерекше мән берген.

Халқымыздың қонақжайлылығы жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде орыс зерттеушісі Виктор фон Герн: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», деп жазса, тарихшы Жамбыл Артықбаев ағамыздың айтуынша: «Бұрын қазақтар үйіне келген қонаққа құрмет көрсетпей, дәстүрлі әдет-ғұрыптан бас тартса, бейтаныс, жолаушы адам сол үй иесінің үстінен шағымданып, биге барып наразылығын білдіруге құқылы болған. Ал би қазақтың қонақжайлық дәстүрлі әдет-ғұрпын бұзған үйдің иесіне ат-тон айып салатын болыпты. Бірақ қазақтардың тарихында мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Себебі қазақтар баласы дүниеге келген сәттен үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, кішіге ізет білдіріп, қонақты күту дәстүрлерін санасына құйған. Қазақтар қай заманда болмасын барын қонағына тосып, малын сойып, бар дәмдісін ұсынған».

Сондай-ақ Алла елшісінің (с.ғ.с.):

«Әр қонақ өз рызығын ала келеді. Ешкім де ешкімнің несібесіне ауыз салмайды. Үйге келген қонақ қайта сол шаңырақтың рызық-несібесімен қоса берекетін де арттыра түседі» деген хадисі дана халқымыздың «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар», «қонақ келсе, құт келер» сияқты мақалдары мен нақыл сөздерінде көрініс тапқан.

Бұл дегеніміз үйімізге келген әрбір қонақ ризығымызға әсер етпейді, керісінше біздің ырыс-құтымыздың арттырады деген сөз.

Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап:

Кісіні көрсең есікке,

Жүгіре шық, кешікпе,

Қарсы алмасаң мейманды

Кесір болар нәсіпке!

***

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,

Көңілін оның қалдырма, Хақтан ұял.

Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,

Ырза қылып әркімнен бата алып қал, – дейді.

Шаңырағымызға келген адамдарға ерекше ілтипат пен ізет танытайық. Себебі бұл пайғамбарлар сүннеті, ата-баба дәстүрі.

Қорыта келе, тағы бір ескеретін жағдайды айта кеткенді жөн көрдік. Қонақ күткенде шектен шығудың қажеті жоқ. Оларға бар нәрсеңізді беруде сараң болмаңыз, жағдайыңыз жетпесе, үйіңіздегі заттармен шектеліңіз.

 

Дәуренбек Жандосұлы,

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің бірінші наиб имамы,

Қарасай ауданының бас имамы