Қыз тәрбиесі – қоғам намысы
Алланың адамзатқа берген аманат нығметтерінің ішіндегі ең құрметтісі әрі көркемі – перзент сүю бақыты. Қазақ қоғамы ұлттың келешегі ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты екенін «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деумен білдірген.
Асыл дініміз Исламда бала – өмірдегі үлкен нығмет әрі сынақ ретінде қаралады. Өмірге келген ұл да, қыз да Алланың қалауымен болатындығын Жаратушымыз қасиетті Құранда:
«Күллі аспан әлемі мен жердің бар билігі мен иелігі бір Аллаға тән! Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз сыйлайды, қалағанына ұл сыйлайды. Яки қалағанына ұл мен қызды бірге береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу етеді…»
(«Шура» сүресі, 49–50 аяттар)
деп баяндайды.
Сондай-ақ Алла Тағала Құранда:
«Кімде-кім ер немесе әйелден иманды болған күйде ізгі амал істесе, Біз оған өмірде жақсы тіршілік нәсіп етеміз…»
(Нахл сүресі, 97-аят)
деп, қыз баласының қадірін ерекше атап өткен. Бұл аяттың мәніне үңілсек, әйел мен ердің құндылығында айырмашылық жоқ екенін көреміз.
Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ қыз тәрбиелеуді зор сауап амалдарының қатарына қосып:
«Кімнің үш қызы болып, оларға сабырлықпен қарап, жақсы тәрбиелеп, тұрмысқа шығарып жіберсе – ол адамға жәннат уәжіп болады»
(Тирмизи)
– деп, әйел затына жасалған әрбір игі амалдың ескерусіз қалмайтынын меңзеген.
Хадисте айтылғандай, аманатқа қиянат жасамай, ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбие мен имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдет-ғұрпын білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін перзенттеріміз көп болары сөзсіз.
Қыз баласына Алланы танытып, дін мен дәстүр, дүниетанымын дамытып, дұрыс тәрбие беру – ата-ананың басты міндеті. Себебі, қыз баласы – бір елдің емес, бүкіл ұлттың аманаты.
Қыз тәрбиесі – болашаққа салынған ұлы жол. Ертеңгі елдің ұйытқысы болатын – бүгінгі бойжеткендер. Сондықтан отбасыдағы әке мен ана өз істерімен үлгі болуы тиіс. Осы ойды Ғұмар Қараш атамыздың мына өлең жолдары айшықтайды:
Қыз бала анасынан үлгі алады,
Екінші қыздарына әдеп берсін.
Әйелдің көркі – ұят, зейнеті – қылық,
Қыз бала ұяттыдан үлгі көрсін.Ұятсыз бейхаяны көріп өскен,
Балалар неғып түзу жөнді болсын?!
Ұл өсер ата көріп, ананы қыз,
Бұ сөзді әйел адам жақсы білсін.
Қыз – әдептің айнасы, ұлттың ұяты. Сол себепті ата-бабамыз «Қызға қырық үйден тыю» деген даналық сөз қалдырған. Бұл – шектеу емес, қорғау. Ал қорғаудың басты мақсаты – ар-намысты, ибаны, ұятты бойына сіңіру.
Қыздың көркем мінезді болуы – ата-ананың тәрбиесі мен ортасына байланысты. Сондықтан жақсы ортаға баулу, біліммен сусындату – басты міндет. Пайғамбарымыз ﷺ:
«Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріне ең жақсы болғандарың»
(Ибн Мәжа)
– деген. Бұл хадис әйелдің қадірін көтеріп, қоғамға жауапкершілік жүктейді.
Қыз тәрбиелеуді – Алланың аманатын қорғау деп қарап, тәрбиені үш бағытта жүйелеуге болады:
-
Рухани-имани тәрбие.
Жаратушысын танып, Алладан ұялу, үлкенді құрметтеу, ар-ұятты сақтау – рухани тәрбиенің өзегі. -
Мінез-құлық пен әдеп.
Әдептілік, ұқыптылық, жауапкершілік, шынайылық – қыз баланың ішкі сұлулығы.
Бабаларымыз айтқандай:«Жігіттер, жаның жаста әдеп үйрен,
Қаш, шырақ, әдебі жоқ істен жирен…» -
Білім мен өнер.
Қыз баланы білімге, өнерге, үй шаруасына, қолөнерге және кәсіби бағытқа баулу – заманауи талап.
Қорыта айтқанда, қыз баланың тәрбиесіне салғырт қарау – болашақ ұлтты уайымға қалдыру. Пайғамбарымыз ﷺ:
«Әкенің балаға қалдырар ең жақсы мұрасы – көркем тәрбие»
(Әл-Хаким)
– дегендей, дұрыс тәрбие – тұтас қоғамды түзетудің бастауы.
Біздің халқымыздың асыл үміті – ибалы, иманды, ар-ұятын жоғары қоятын намысты қазақ қыздары.
Алла Тағала барша ұл-қыздарымызға сана беріп, салиқалы да көргенді ұрпақ болуды нәсіп етсін!
Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы


