preloader

Мақалалар

Тәні саудың — жаны сау

Тәні саудың — жаны сау

Асыл дініміз — исламда тән саулығы мен жан саулығына аса қатты мән беріледі. Тән саулығы — тән тазалығынан басталады. Дініміздегі шариғат талаптарымен бекітілген дәрет пен ғұсыл — тән тазалығының бастауы. Жуынып, таза жүрген адамға ауру да жоламайтыны ақиқат.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:
«Тағамның берекеті — алды мен артында қол жууда», — деген.

Адам баласы тән тазалығын сақтауымен қатар ішіп-жейтін тағамының да адалдығы мен пайдалысын тұтынуды бірінші орынға қоюы керек. Ол өз кезегінде денсаулығымыздың мықты болуына себепкер.
Алла тағала Құранда:
«Жер бетінде жаратқан нәрселерімнің таза әрі адалынан ішіңдер, жеңдер», — деген. Байқап қарасақ, көп адамдар өз денсаулықтарына мән бермейді. Ең зиянды — арақ, темекі, наша, энергетикалық сусындарды тұтыну арқылы өздеріне зиян жасауда. Өзіміз денсаулығымызға кері әсер ететін амалдар жасап, соның кесірінен ауруға ұшырасақ, оны Алладан көреміз. Бұл жайында Құранда:
«Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды, бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық қылады»
(Юнус сүресі, 44-аят), — делінген.

Осы аятқа терең мән беріп қарасақ, біз көбіне өзіміз біліп тұрып өзімізге зиян жасайтынымыз рас.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір мүбарак хадисінде:
«Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар: ол — денсаулық және бос уақыт», — деген. Сондықтан өз денсаулығымызға ерекше мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанып, уақытты босқа өткізбей, спортпен айналысуымыз керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:
«Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда жақсырақ әрі Аллаға ұнамдырақ», — деген. Жалпы, адам баласы өз өмірін жақсы жаққа қарай өзгертуге әрекет жасау керек. Дәлел ретінде Алла тағала Құранда:
«Қай бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді»
(Рағыд сүресі, 11-аят), — дейді.

Демек, тән мен жан саулығын жақсарту өз қолымызда. Адам денсаулығы тек дененің мықтылығымен өлшенбейді. Егер жүрегімізде уайым көп, ойымызда тыныштық болмаса, онда өмірімізде де береке болмайды, денеміз түрлі ауруға бейім бола бастайды. Адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы мен көңіл күйінің жақсы болуы денсаулыққа тікелей әсер етеді. Бір адам сырттай күліп жүргенімен, ішінде мазасыздық, реніш, ашу болса, ол адамның денесінде шаршау, әлсіздік, бас ауруы пайда болуы мүмкін. Ал, керісінше, жан дүниесі тыныш, көңілі орнықты, ойы таза адамның жүзі жарқын, денсаулығы жақсы болады. Бұл — адамның психологиялық жағдайы мен физикалық саулығының бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан күнделікті өмірде өз денсаулығымызға өте сақтықпен қарау маңызды. Мысалы, табиғатта серуендеу, кітап оқу, таза табиғи өнім қолдану, спортпен шұғылдану, көңілді ортада көбірек болу — адам денсаулығын мейлінше жақсарта алады. Ең күшті дәрі — махаббат, мейірім, сабыр және рухани тазару. Сол себепті сыртқы келбетті күнделікті күткеніміздей, ішкі жан дүниемізге де аса мән берген жөн. Нағыз қуатты, мықты адамның формуласы — жан мен тәннің үйлесімділігінде. Сондықтан тек материалдық жағдайымызды, киген киімімізді ғана ойламай, жан дүниемізді күтуге де мейлінше уақыт бөлуіміз керек.

Алла тағала баршамызға тән мен жанның саулығын, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін!

Алматы обл., Райымбек ауданы,
«Әбдіғали Жетенұлы» мешітінің бас имамы
Бухарбеков Азамат