ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағалаға сансыз мақтау мен мадақтаулар болсын!
Бүгінгі мақалаға арқау болар тақырып – ұрпақ тәрбиесі. Ұрпақ – сенің болашағың, ұрпақ – сенің жалғасың, ұрпақ – ел ертеңі. Сол себепті ақылы кемел, жаны таза, имандылыққа құштар ұрпақты тәрбиелеп, із қалдыру – әрі сауап, әрі жарқын болашақтың кепілі. Өз ұрпағына исламдық, яғни діни тәрбие берген ата-ана ұтады. Ислам дінінің сусынына қанып өскен ұрпақ дүниеңе де, ақыретіңе де жақсылық әкелетіні сөзсіз. Бүгінгі кезеңде бұл тақырып әрбір ата-ананы толғандыратыны ақиқат. «Қайтсем балама сапалы білім беріп, адал перзент тәрбиелеймін?» деп алаңдайтын ата-аналар да баршылық. Қоғамда бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар көбейген сайын ата-ананың жауапкершілігі артуда. Ислам дінінде балаға көңіл бөлу, оны дұрыс тәрбиелеуге үлкен мән беріледі. Дініміз ұл мен қызды өз табиғатына сай істерге жастайынан үйретуге, еңбекқорлыққа, тазалыққа, дене шынықтыруға, адамгершілік пен әдепке баулуға ерекше көңіл бөлген. Баланың қалыптасуы, өмірлік дағдыларға үйренуі, жақсы әдеттерді бойына сіңіруі отбасынан басталады. Отбасында жайлылық пен берекені көрген бала мейірімді де саналы болып жетіледі. Ең бастысы – ата-ана балаға жақсы үлгі бола білуі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл бар. Сондықтан ата-ана өзін тәрбиелей отырып қана балаға дұрыс тәрбие бере алады. Жас жеткіншекке үйде дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата-анасын әрдайым қуантып отырады.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ата-ананың өз ұрпағы алдындағы үш міндетін айтқан:
-
Бала дүниеге келгенде азан шақырып, мағыналы есім беру;
-
Балиғат жасына дейін дұрыс тәлім-тәрбие беріп, балиғатқа толғанда намаз оқуды үйрету;
-
Ер жетіп, бойжеткен соң балаға шариғат бойынша халал тойын жасап беру.
Ханафи мәзһабының негізін қалаған, аты әлемге әйгілі ғалым Имам Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің өмірінен бізге үлгі боларлық мынадай өнегелі қисса жеткен.
Сәбит жастайынан иманын сақтаған, өте тақуа адам болған екен. Бірде арық бойында жуынып жатып, ағып келе жатқан алманы ұстап алады. Қызарып піскен алмаға қызығып, бірден жей бастайды. Сәлден соң: «Бұл жемістің иесі бар шығар, рұқсатын алмағаным қалай?» – деген ой келеді. Сөйтіп, алманың иесін іздеп, арық бойымен өрлеп келіп, бір баққа тап болады. Оның иесін тауып, алманы рұқсатсыз жегені үшін кешірім сұрайды. Бақ иесі оны сынау үшін: «Кешірім бере алмаймын. Разылығымды аламын десең, үш жыл менің үйімде қызмет етесің», – дейді. Сәбит келісіп, үш жыл қызмет етеді. Уақыты біткен соң үйіне қайтуға рұқсат сұрағанда, бағбан тағы бір шарт қояды: «Менің көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, қол-аяғы сал және мылқау қызым бар. Соған үйленесің», – дейді. Некелері қиылған соң, Сәбит қыздың әкесіне барып, сырын сұрайды. Сонда әкесі:
«Қызым ұят нәрселерге қарамайды – сондықтан соқыр дедім. Ұят, балағат әңгімелерді, өсек-өйпектерді тыңдамайды – сондықтан керең дедім. Тыйым салынғанға қол созбайды, лас жерге бармайды – сондықтан қол-аяғы сал дедім. Жаман сөз айтпайды – сондықтан мылқау дедім. Сен маған бір көргеннен-ақ ұнадың. Адалдығыңа көз жеткізу үшін сынадым. Енді қызымды саған лайық көріп отырмын», – деп жауап беріпті.
Міне, осындай тақуалардың некесінен әлемге мәшһүр ғалым Әбу Ханифа дүниеге келген. Бұдан ұғатынымыз – ізгі, адал, тәрбиелі, салиқалы жардың бала болашағына тигізер ықпалы зор. Ұрпақ тәрбиесі ұяда қалыптасады. Ата-ана ең әуелі балаға жақсы білім беріп, Алланы танытуы керек. Сахаба Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын):
«Баланың ең үлкен дұшпаны кім? – десе, оған Алланы танытпаған, бұл дүниеде мәңгі өмір сүретіндей тәрбиелеген әке-шешесі», – деген.
Ізгі ұрпақ тәрбиелегісі келген ата-ана Құран мен хадиске сүйенсе, адаспайды. Балаға ең әуелі Алланы танытып, мейірімге баулып, адалдықты бойына сіңіріп өсірсе, мұндай ізгі ұрпақ ата-анасының да ақыретте мәртебесін арттырады. Перзентке Алланың аманаты ретінде қараудың өзі-ақ оны тәрбиелеудің зор маңызын көрсетеді. Ең басты тәрбие – имани тәрбие екенін ұмытпайық. Мұсылмандық тәрбие кәлима шәһәдаттан басталып, Ұлы Жаратушыны тануға ұласады. Ең алдымен иман шарттарын, одан кейін мұсылмандық әдептерді, дұрыс амандасуды, ата-ананы сыйлауды, ағайынмен, достармен және басқа жандармен жақсы мәміледе болуды үйретеді. Обал мен сауапты, адал мен арамның ара-жігін танытып, оңы мен солын ажыратуға баулиды. Ал балиғат жасына жеткенде намаз оқуға бұйырады. Ізгі ұрпақ – адамның артында қалдырар ең жақсы мұрасы. Ұрпағы ол дүниеден өткеннен кейін де оның игі істерін жалғастырады, атын өшірмей, артынан үздіксіз дұға тілеп тұрады.
Алла Тағала бізді және ұрпақтарымызды салиқалы мүмін-мұсылман етсін!
Кадиров Мейір
Талғар ауданы, Панфилов ауылдық
«Зам-Зам» мешітінің имамы


