УАҚЫТТЫҢ ҚАДІРІН БІЛУ
Уақыт – көзге көрінбейтін, бірақ адамның бүкіл өмірін қалыптастыратын ұлы күш. Ол тоқтамайды, ешкімді күтпейді. Адам дүниеге келген сәттен бастап өмір сағаты тықылдап жүре береді. Сол уақытты қалай өткізгеніміз – өміріміздің сапасын айқындайды. Бүгінгі жастардың өмірі жылдамдық пен технология дәуірінде өтіп жатыр. Ақпарат тасқыны, интернет, әлеуметтік желілер, түрлі қызығушылықтар – бәрі де уақытымызды жұтып қоятындай. Бір қызығы, жастардың көбі уақыт жетпейді деп шағымданады, ал іс жүзінде уақыты бар, тек оны дұрыс пайдалануға дағдыланбаған.
Өмірдің өзегі – уақыт
Уақыт – Алланың адамға берген ең әділ сыйы. Әлемнің қай бұрышында өмір сүрсе де, әр адамға тәулігіне 24 сағат бірдей беріледі. Бірақ оны кім қалай өткізеді – айырмашылық сол тұста. Бірі сол 24 сағаттың әр минутын ізденіс пен еңбектенуге жұмсайды, екіншісі оны бос істерге, виртуалды әлемге арнайды. Күн сайын көзге көрінбейтін бір байлығымыз кеміп барады. Ол – уақыт. Кеше жасалған іс – бүгін тарих, ал бүгінгі іс – ертеңнің іргетасы.
Дін мен даналықтың үндестігі
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ғасырға серт! Шынында, адам баласы зиянда. Бірақ иман келтіріп, ізгі амал жасағандар ғана құтылады», – деп ескерткен («Ғасыр» сүресі).
Бұл аяттың мәні терең. Уақыттың әр сәті – сынақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Адам қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт», – деген хадис қалдырған. Яғни, уақыт пен денсаулық – адамға берілген ең үлкен аманат. Оларды жоғалтқан адам өмірдің шынайы мәнін жоғалтады.
Жастар және уақыт
Жастық шақ – өмірдің ең жарқын, ең қуатты кезеңі. Бұл шақта адамның бойында күш те, рух та, сенім де бар.
Сол себепті дәл осы кезеңді тиімді өткізу – болашақтың бағытын айқындайды. Бүгінгі жас – ертеңгі қоғамның айнасы. Егер бүгінгі ұрпақ уақытының қадірін білсе, елдің ертеңі де баянды болмақ. Алайда соңғы жылдары жастар арасында «кейін жасаймын», «ертең бастаймын» деген әдет кең тараған. Бұл – уақыттың жауы. Уақыт – бүгін. Ертең – кеш болуы мүмкін. Ал өмір бір-ақ рет беріледі. Сондықтан әрбір жас өз уақытын бос әуреге емес, өз болашағына жұмсауы керек.
Уақытты тиімді пайдаланудың жолдары
Мақсат қою – табыстың бастауы. Не қалайтынын нақты білмеген адам уақытының көп бөлігін бос өткізіп алады.
Күнделікті жоспар құру – тәртіп пен нәтижеліліктің кепілі.
Артық нәрседен арылу – заманауи адамның ең үлкен ерлігі. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділік – уақыттың ұрысы екенін ұмытпау қажет. Ізденіс пен білімге құштарлық – уақытты ең пайдалы өткізудің жолы. Жас буынның қолында ұлттың келешегі бар. Сондықтан уақытты бағалау – тек жеке жетістік емес, ел алдындағы жауапкершілік. Бүгін уақытын тиімді пайдаланған жас – ертең өз қоғамының тірегіне айналады. Ал өз уақытын қадірлей білген ұрпақ – мемлекетінің болашағын да қадірлейді. Өмірдің өлшемі – жыл емес, іс. Адамның шынайы байлығы – жинаған дүниесінде емес, уақыты мен оны қалай өткізгенінде. Сондықтан бүгінгі жастарға айтылар ең үлкен кеңес – уақытты босқа жоғалтпаңыздар. Өйткені уақыт – қайта келмейтін қонақ, ал оны құрметтеу – өмірді құрметтеу.
Қуаныш Жұмаханұлы
Алатау қаласының бас имамы


