preloader

Мақалалар

ЖАСТАР ЖӘНЕ ЗАМАН ФИТНАСЫ

ЖАСТАР ЖӘНЕ ЗАМАН ФИТНАСЫ

Қай қоғамда болмасын жастар – сол дәуірдің айнасы, ертеңгі күннің тірегі. Асыл дінімізде жастар мәселесіне айрықша мән берген. Алайда, әр заманның өзіне тән сынақтары мен фитналары бар. Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттың шамадан тыс көптігі, рухани құндылықтардың әлсіреуі, дін мен дәстүрден алыстау – жастарды түрлі мәселелерге ұрындыруда. Бұл фитналар кейде сенімге, кейде мінезге, кейде өмір салтына қауіп төндіреді.
Дініміздің дереккөздері – Құран мен сүннет  осындай кезеңдерде мұсылман жастары қандай ұстанымда болуы керектігін нақты көрсетіп, бағытбағдардың тура жолын берген.

Ең алдымен қозғалар тақырыптың тереңіне үңілмес бұрын «фитна» сөзінің түптөркінін анықтап алайық. «Фитна» сөзі араб тілінде «сынау», «тексеру», «адастыру «мағыналарын білдіреді. Ал Құранда фитна кейде сынақ, кейде азғыру, кейде бүлік мағынасында қолданылған. Нақтырақ айтқанда, «Анкабут» сүресінің, 2-аятында Алла Тағала былай дейді:«Адамдар: “Иман келтірдікдегендері үшін сыналмаймыз деп ойлайма. Аталмыш аятта иманның тек сөзбен емес, амалмен, сабырмен, төзіммен дәлелденетіні айтылған. Әсіресе жастық шақ – иман сыналатын ең күрделі кезең. Себебі, нәпсі күшті, тәжірибе аз, ал ықпал көп. Тағы бір аятта:«Біліңдер! Малдарың мен балаларың – фитна. Ал Алланың қасында ұлы сый бар», («Әнфәл» сүресі, 28-аят) деп баяндалады. Бұл жерде «фитна» – сынақ мағынасында. Демек, қазіргі таңда жастар үшін дүние, атақ, ләззат, әлеуметтік желі, танымал болу – барлығы сынаққа айналып отыр. Сол себепті де, бүгінгі күннің фитналары бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда өзгеше сипатта белең алуда.Яғни, олар ашықтан-ашық емес, көбіне жасырын, әдемі қапталған түрде келеді. Соның ішінде ең маңыздылардың бірі сенімге қатысты фитналар.

Қазіргі жастар түрлі идеологиялар мен көзқарастардың ортасында қалды. Атеизм, агностицизм, дінді мазақ ету, «дін – жеке мәселе» деген түсініксенімге төнген қауіптің ішінде өсіпөнуде. Бұл жағдайдың сипаты қасиетті Құран Кәрімде: «Кейбір адамдар бар, Алла туралы білімі болмаса да дауласады» , («Лұқман» сүресі, 20-аят) деп келеді. Ардақты Пайғамбарымыз да соңғы заманда білімсіз пікір айту көбейетінін хадистерінде: «Алла Тағала білімді адамдарды алып кетпейді, керісінше ғалымдарды алып кету арқылы білімді жояды. Надан адамдар басшы болып, пәтуа береді де өздері де адасады, өзгелерді де адастырады» , (Бұхари, Мүслім) деп түсіндірген. Байқағанымыздай, хадис бүгінгі жағдайды дәл сипаттайды: әлеуметтік желідегі «танымал», бірақ білімі жоқ адамдардың ықпалы – үлкен фитна. Бұл жөнінде хакім Абай:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Жастардың мінез-құлқындағы өзгерістер де заман фитнасының біркөрінісі.Ұяттың азаюы, арсыздықтың қалыпты нәрсеге айналуы, харам мен халалдың арасының бұлыңғырлануы – қауіпті үрдіс. Алла елшісінің :«Ұят – иманнан» (Бұхари, Мүслім) деген мүбәрак сөзі бүгінгі біздер үшін үлкен насихат.

Қазіргі жалаң ұятты ескілік санау, ар-намысты шектеу деп қабылдау – жастарды рухани күйреуге алып келетін кесел екендігін көрнекі ақын Ақмола Мұхамедияров

Жақсылар Хақтан көңіл аудармаған,

Жаманға Құдай рахмет жаудырмаған,

Білімсіз өзі білмес, жөнге көнбес,

Мінезі тентек сиырдай саудырмаған деген ақын, оның шешімін

Ең әуелі аршу керек іштің кірін,

Іште толып жатпасын сасық ірің.

Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,

Болмаса пайда бермес құр білімің, деп жалғастыра, жастарға насихат қылады.

Одан өзге күнімізде жас қауым тарапынан көп айтылып шағымданатын дүние уақыт тапшылығы. Бұл да болса заманның бір фитнасы. Алайда, жастарымыз уақыттарының көп бөлігін пайдасыз, бос нәрселерге жұмсау арқылы оның берекесінен айырылуда. Уақыт жайында Пайғамбар : «Екі нығмет бар, адамдардың көбі соның қадірін білмейді: денсаулық пен бос уақыт »,(Бұхари) деп бізге әуелден ескерткен.

Жоғарыда аталған келешектің тұтқасын ұстар ұрпақтарымыздың басына тқніп тұрған кесаппардың негізгілерін  теріп қана атап өттік. Ал енді әр дерттің дауасы бар секілді бұдан да шығар жол қандай деп іздер болсақ, бірнеше бағытты қарастырып көргеніміз жөн.

1. Дұрыс білім.
2. Жақсы орта.
3. Құранмен байланыс.
4. Атаананың дұғасы. Осы бағыттарды қамтитын барлық салада қоғамның әр мүшесі жауапкершілік  ала білсе, болашағымыз жарқын болады деп сенеміз.

Жастар және заман фитнасы – әр дәуірде өзекті тақырып. Бүгінгі күннің фитналары көзге көрінбейтін, бірақ әсері терең. Ислам жастары үшін ең маңызды міндет – иманды сақтап, ахлақты қорғап, уақытты пайдалы істерге жұмсау. Құран мен сүннетке сүйенген жас қана фитналардан аман өтетінін дәуірлер дәлелдеген. Ендеше, Алла тағала ұрпақтарымызға сана беріп, кәміл иманды тұлға болып қалыптасуларына жәрдем еткей!

 

Алматы Облысы Қарасай ауданы «Құртқа» мешітінің имамы

Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы