ЖҮРЕК ДЕРТТЕРІ – ТӘКӘППАРЛЫҚ: РУХАНИ КЕСЕЛДІҢ ДІНИ ТҰРҒЫДАН ТАЛДАУЫ
Жүрек тазалығы және рухани дерт ұғымы
Ислам дінінде адам баласы тек тәндік жаратылыстан ғана емес, ең алдымен рухани болмыстан тұратын қасиетті тіршілік иесі ретінде қарастырылады. Рухани болмыстың өзегі де, патшасы да – жүрек. Қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде адамның ішкі жан дүниесіне, яғни жүрегінің тазалығына ерекше мән берілген.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адам денесінде бір кесек ет бар, егер ол сау болса, бүкіл дене сау болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деп айтқан. Бұл хадис адамның барлық игі амалдары мен мінез-құлқы тікелей оның ішкі рухани халіне байланысты екенін көрсетеді.
Жүректің де тән секілді өзіндік аурулары болады. Бірақ тән ауруы адамның фәни дүниесіне ғана нұқсан келтірсе, жүрек аурулары оның мәңгілік ақыретіне зиян тигізеді. Ислам ғұламалары, соның ішінде Имам әл-Ғазали секілді руханият ғалымдары, жүрек дерттерін ең қауіпті рухани кеселдердің қатарына жатқызған. Осы кеселдердің ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – адамды Алланың мейірімінен алыстататын тәкәппарлық (әл-кибр).
Бұл мақалада тәкәппарлық дертінің діни негіздері, оның қасиетті мәтіндердегі сипаты, адам руханиятына тигізетін зардаптары және одан арылудың шариғи жолдары қарастырылады.
Тәкәппарлықтың діни сипаты мен Құрандағы үкімі
Діни терминологияда тәкәппарлық – адамның өзін өзгелерден жоғары санауы, өзіндегі нығметтерді тек өзінің еңбегі немесе артықшылығы деп біліп, оны Беруші Хақ Тағаланы ұмытуы, сондай-ақ ақиқатты мойындамауы.
Тәкәппарлық – Ібілістің күнәға ұрынуына себеп болған сипаттардың бірі. Көк аспанда ғибадат қылып, періштелердің қатарында болған Ібілістің Алланың құзырынан қуылуына оның Адамға (ғ.с.) сәжде жасаудан бас тартып, тәкаппарлық танытуы себеп болды.
Алла Тағала Адам атаны (ғ.с.) жаратып, періштелер мен Ібіліске оған сәжде етуді бұйырғанда, Ібіліс бас тартты. Оның бұл қылығы Құранда былай баяндалады: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар!» – дедік. Олар дереу сәжде қылды, тек Ібіліс қана бас тартып, тәкәппарланды және кәпірлерден болды» («әл-Бақара» сүресі, 34-аят). Ібіліс: «Мен одан (Адамнан) қайырлымын, өйткені Сен мені оттан, ал оны балшықтан жараттың», – деп, өзінің жаратылысын жоғары қойды. Міне, тәкәппарлықтың негізінде адамның өзін өзгелерден артық санауы жатады.
Құран Кәрімнің көптеген аяттарында менмендікке салынған, өздерін өзгелерден жоғары санаған тұлғалардың аянышты тағдырлары баяндалады. Перғауын мен Қарун секілді адамдардың дүние мен билікке мастанып, тәкаппарлық танытқаны белгілі. Алла Тағала Құранда менмендікті сүймейтінін ашық мәлімдеген: «Адамдарға қырындап (тәкәппарланып) қарама, жер бетінде де шіреніп жүрме. Сөзсіз, Алла әрбір мақтаншақ, мақтанқұмарды жақсы көрмейді» («Лұқман» сүресі, 18-аят). Сондай-ақ «әл-Ағраф» сүресінің 146-аятында: «Жер бетінде орынсыз тәкәппарланғандарды аяттарымнан бұрамын (ұғындырмаймын)», – деп ескерткен. Бұл аяттар жүректегі тәкәппарлықтың адамның ақиқатты қабылдауына және рухани кемелденуіне кері әсер ететінін көрсетеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіндегі ескертулер
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмбетін жүрек тазалығына тәрбиелей отырып, тәкәппарлықтың шегі мен өлшемін нақты көрсетіп кеткен.
Сахаба Абдуллаһ ибн Масғудтан (р.а.) жеткен әйгілі хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкәппарлық болған адам жәннатқа кірмейді», – деп ескерткен.
Сонда бір сахаба: «Уа, Алланың Елшісі! Адам өзінің киімінің әдемі, аяқ киімінің көркем болғанын қалайды ғой. Бұл да тәкәппарлық па?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкәппарлық – ақиқатты мойындамау және адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген (Муслим).
Бұл хадис бізге өте маңызды екі нәрсені үйретеді. Біріншіден, таза жүру, әдемі киіну және Алланың берген нығметтерін орынды пайдалану – өздігінен тәкәппарлық болып саналмайды. Екіншіден, тәкәппарлықтың негізгі белгілерінің бірі – адамның өзіне айтылған шындықты қабылдамауы және айналасындағы адамдарды өзінен төмен санауы.
Келесі бір құдси хадисте Алла Тағала былай дейді:
«Ұлылық – Менің шапаным, ал асқақтық – Менің етек-жеңім. Кімде-кім осы екеуінде Маған серік болғысы келсе, оны тозаққа тастаймын» (Муслим, Әбу Дәуіт).
Тәкәппарлықтың түрлері мен рухани зардаптары
Ислам ғалымдары тәкәппарлықты көрінісіне қарай бірнеше түрге бөліп қарастырады.
1. Аллаға қарсы тәкәппарлық.
Бұл – тәкәппарлықтың ең ауыр түрі. Адамның Жаратушыға мойынсұнудан бас тартуы, Оның бұйрықтарын менсінбеуі – өте қауіпті рухани кесел.
2. Пайғамбарларға қарсы тәкәппарлық.
Бұл – пайғамбарлардың әкелген ақиқатын қабылдамау, оларға еруді өзіне ар санау және олардың адам болғанын сылтау етіп, хақ дінді мойындаудан бас тарту.
3. Пенделерге қарсы тәкәппарлық.
Бұл – күнделікті өмірде жиі кездесетін түрі. Адамның өзін өзгелерден малы, лауазымы, шыққан тегі, білімі немесе басқа да артықшылықтары арқылы жоғары санауы. Тіпті адамның «мен тақуамын, ал басқалар күнәһар» деп ойлауының өзі рухани тұрғыдан қауіпті.
Бұл дерттің рухани зардабы өте көп. Тәкәппарлық адамның ізгі амалдарына кері әсер етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көреалмаушылықтың ізгі амалдарды оттың отынды жегеніндей жойып жіберетінін ескерткен.
Менмен адам шынайы бақыт пен ішкі тыныштықты сезіне алмайды. Өйткені ол үнемі өзін өзгелерден жоғары ұстауға тырысып, іштей арпалыс пен мазасыздықта жүреді.
Қасиетті Құран аяты
«Жер бетінде шіреніп жүрме! Өйткені сен ешқашан жерді жарып тесіп кете алмайсың және таулардан биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның қасында жеккөрінішті болған жаман қылықтар» («әл-Исра» сүресі, 37–38-аяттар).
Жүрек дертінен айығу және рухани тазару жолдары
Ислам діні рухани дерттерден арылудың жолдарын да көрсетеді. Жүректің бұл қауіпті кеселінен айығу үшін мұсылман адамнан ықылас, сабыр және нәпсімен күрес талап етіледі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Нәпсіні жойған адамдар – нағыз ерлер».
Тәкәппарлықтан арылудың шариғи және рухани жолдары төмендегідей:
1. Өзінің жаратылыс табиғатын тану.
Адам баласы өзінің қалай жаратылғаны туралы терең ойлануы қажет. Ол бастапқыда ештеңе емес еді, кейін бір тамшы судан жаратылды, ал өмірден өткен соң топыраққа айналады. Адам өзінің әлсіздігін, ауруға, аштыққа, ұйқыға және басқа да қажеттіліктерге тәуелді екенін түсінген кезде бойындағы менмендік те сейіле түседі.
2. Нығметтің иесі Алла екенін ұғыну.
Кез келген сұлулық, байлық, ақыл, денсаулық пен лауазым – адамның жеке меншігі емес, Алланың берген уақытша аманаты. «Алла берді, Алла қайтарып алуға да құдіретті» деген сенім жүрекке орныққанда, мақтану мен менмендікке орын қалмайды.
3. Шын мәніндегі кішіпейілділікті әдетке айналдыру.
Тәкәппарлықтың емі – кішіпейілділік. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (Муслим).
Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге ізет білдіру, мұқтаж жандармен бірге отыру, адамдарға бірінші болып сәлем беру – жүректегі менмендікті жеңуге көмектесетін ізгі амалдар.
4. Тәубе мен истиғфарды серік ету.
Күнделікті жасалған қателіктер мен жүрекке ұялаған жаман ойлар үшін Алладан кешірім сұрап, жүректі үнемі зікірмен тазалап отыру қажет. Истиғфар айту адамның тәкәппарлығын жеңіп, оны құлдық сипатына қайта оралтады.
Жүрек дерттерінің ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – тәкәппарлық. Өйткені ол адам мен Хақ Тағаланың арасына рухани перде орнатып, пенденің ақиқатты қабылдауына кедергі келтіреді. Менмендік ұялаған жүректен мейірімділік пен шынайы тақуалықтың әлсіреу қаупі бар.
Мұсылман адамның мақсаты – бұл фәни дүниеден Алланың құзырына «сау жүрекпен», яғни бүкіл рухани кеселдерден, соның ішінде тәкәппарлықтан тазарған жүрекпен бару.
Алла Тағала Құранда:
«Ол күні мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек кім Аллаға таза жүрекпен келсе, сол ғана пайда табады», – деп ескерткен («әш-Шуғара» сүресі, 88–89-аяттар).
Алла Тағала жүректерімізді тәкәппарлықтан сақтап, пайғамбарлар мен салиқалы құлдарға тән көркем мінез – кішіпейілділікпен безендіруді нәсіп етсін!
Атаханов Бегасыл Дінәсілбекұлы
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы,
Жеткербай ата мешітінің имамы

