200-ШІ ХАТЫМ ДҰҒАСЫ МЕН МӘУЛІТ РУХАНИ КЕШІ ӨТТІ
Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылындағы «Қажы Зуқа батыр, Қажы Арсылан» мешітінде әйелдер мен қыздарға арналған тағылымды рухани кеш ұйымдастырылды. Басқосу мешіт имамы Рақымгелді Құдырет қаридың, Секірухан Аршынгүл ұстаздың және мешіт жамағатының ұйымдастыруымен өтті.
Рухани кеш жамағаттың апта сайынғы Құран хатымының 200-ші хатым дұғасына және ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ құрметіне арналған Мәуліт кешіне арналды.
Шараға Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы Жадыра ұстаз, Іргелі мешітінің ұстазы Мариям ұстаз, Қарғалы ауылындағы «Рахым» мешітінің ұстазы Ләзина ұстаз, Кемертоған мешітінің ұстазы Жайнагүл ұстаз және Үшқоңыр медресе-колледжінің ұстазы Айгүл ұстаз құрметті қонақ ретінде қатысты.
Жамағаттың Құран Кәрімді апта сайын тұрақты оқып, 200-ші хатымға жетуі – қасиетті кітапқа деген құрмет пен ықыластың, ауызбіршілік пен рухани сабақтастықтың көрінісі. Басқосу барысында хатым дұғасы жасалып, ізгі тілектер айтылды.
Мәуліт кешінде ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ өнегелі өмір жолы мен көркем мінезі дәріптеліп, оның мейірімділік, сабыр, адалдық пен бауырмалдыққа үндеген асыл қасиеттері насихатталды.
Құранға құрмет пен Алла Елшісіне ﷺ деген сүйіспеншілікті ұштастырған тағылымды кеш әйел жамағатының рухани білімін арттырып, өзара ынтымақ пен бауырластықты нығайтуға бағытталды.


