preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти профессормен ғылыми жобаларды талқылады

Бас мүфти профессормен ғылыми жобаларды талқылады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында IRCICA Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығының Орталық Азия зерттеулері бойынша кеңесшісі, профессор Әшірбек Мүминовпен сұхбаттасты.

«Өзіңіз жақсы білесіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің дамуын айқындайтын жиында дін мәселесін көтеріп: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» деген еді. Біз бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асырып келеміз. Алдағы уақытта елімізден іргелі ғылыми орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Игі бастамамызға деректанушы ғалым ретінде өз тарапыңыздан қолдау көрсетсеңіз нұр үстіне нұр болар еді» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде Әшірбек Құрбанұлы мүфтияттың діни саладағы ғылымды дамыту бойынша бастамаларын әрқашан қолдайтынын жеткізіп, игі ниетін білдірді. Кездесу соңында тараптар ғылыми бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға келісті.