preloader

Жаңалықтар

«Берекелі ауызашар» рухани кеші ұйымдастырылды

«Берекелі ауызашар» рухани кеші ұйымдастырылды

Рамазан айындағы ең жақсы амалдардың бірі – жамағат үшін дастарқан жайып, ауызашар беру болып табылады. Осыған орай Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағанбайұлының бастамасы және өңіріміздегі Әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызының ұйымдастыруымен Assalam мейрамханасында ауқымды рухани кеш өтті.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шара шымылдығы әдемі көрініспен басталды. Ұстаздар мен олардың аналары, енелері қарама-қарсы тұрып, бір-біріне ізгі тілек арнап, дұға жасады. Анасына алғысын білдірген ұстаз бен қызын мақтан тұтатынын айтқан ақ жаулықты аналарды көріп көпшілік көзіне жас алды.

Ауызашарға құрметті қонақ ретінде қатысқан облыс бас имамы Мадияр Тағанбайұлы «Отбасылық құндылықтар» тақырыбында уағыз айтты. Ол отбасылық өмірі мен мешіт жұмысын қатар алып жүрген әйел ұстаздардың еңбегін жоғары бағалады.

Сондай-ақ, рухани кеште ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және Рамазан айы туралы діни ән орындалып, «ан-Ниса» қоғамдық ұйымы тарапынан отбасылық өмірдің бір қыры мен сырына байланысты көрініс қойылды.