«Деструктивті бағыт – дін емес» атты семинар өтті
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2023 жылы атқарылатын жұмыстардың бес бағыты бекітіліп, жат діни ағымдардан сақтандыру бағытына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі айтылған болатын. Осы орайда ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдігі ұйымдастырған «Деструктивті бағыт – дін емес» тақырыбында өңір имамдарына арналған семинар өтті.
Ақпараттық-танымдық мақсатта ұйымдастырылған шарада ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Алматы облысы дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Амангелдіұлы, ҚМДБ Оңалту бағытының маманы Данияр Айтбайұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының бас сарапшысы, РАТТ мүшесі, журналист-теолог Салтан Сәкен, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының бас сарапшысы Нұрсұлтан Әбдісаматұлы, Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы сияқты білікті мамандар дәріс оқып, дін қызметкерлерімен білгендерімен бөлісті.
Наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы өз баяндамасында халқымыздың салт-дәстүрінің маңыздылығын айта келе:
«Адамды жат ағымдардың жетегінде кетуден тосатын бірден-бір дүние – салт-дәстүрімізді берік ұстану», деді.
Бауыржан Амангелдіұлы болса өңірдегі діни ахуалды ескеріп, алдағы уақытта да осы бағытта Дін істері басқармасы тарапынан имамдарға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Данияр Айтбайұлы жат ағым өкілдерімен жұмыс жасаудың қыр-сырымен бөлісіп, дін қызметкерлерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Салтан Сәкен семинарға қатысушыларды сыни ойлауға көңіл бөлуге, ғаламтор мен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін сауатты пайдалануға шақырды.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Әбдісаматұлы араб тілін білудің қажеттілігіне тоқталып, «Усул әл-фиқһ», «Тәпсір», «Хадис» сияқты ілімдерді дұрыс түсінудің маңыздылығын айтты.
Семинарды қорытындылаған облыс бас имамы Мадияр Тағайбайұлы имамдарды биылғы жылы да оңалту бағыты бойынша нәтижелі жұмыс жасауға үндеді.