preloader

Жаңалықтар

ҚМДБ Төрағасы бас мешітте уағыз айтты

ҚМДБ Төрағасы бас мешітте уағыз айтты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түнінде Республикалық бас мешіт жамағатымен жүздесіп, уағыз айтты.

Бас мүфти еліміздегі зәулім мешітке жиналған көпшілікке Қадір түнінің маңызын баяндап, осы түні еліміз үшін көп дұға жасауға шақырды.

«Алла Тағала түндердің ішінде Қадір түнінің қадірі мен қасиетін арттырып қойды. Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші, ақ пен қараның, адал мен арамның аражігін айқындаушы Құранның түсуі.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Дұғалар қабыл болатын, күнәлар кешірілетін, тағдырлар жазылатын, періштелер сәлем жолдайтын түнді ерекше құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар көбірек дұға жасауды ұмытпайық» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Бас мешіт қарилары Рамазанның алғашқы күнінен бастап оқыған Құран Хатым дұғасын жасады. Бас мүфти елге амандық, жұртымызға тыныштық тілеп, Жаратқаннан су апатына ұшыраған өңірлерге және тұрғындарға жеңілдік, сабырлық тіледі.

Айта кетейік, Діни басқарманың «Munara TV» телеарнасы Республикалық бас мешіттен тікелей эфирде хабар таратты. Бес сағаттық хабарда Қадір түнінің қасиеті, Рамазан айындағы ораза мен игі амалдар жөнінде танымдық бейнероликтер, сұхбаттар, ұстаздардың уағыз-насихаттары ұсынылды.