ТАЛҒАР АУДАНЫНДА НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ ТУРАЛЫ НАСИХАТ АЙТЫЛДЫ
Алматы облысының Талғар ауданында ҚМДБ-ның «Дәстүр және отбасы» бағытының жылдық жоспарына сәйкес Талғар қаласындағы облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығында ем алып жатқан азаматтармен рухани кездесу өтті. Кездесу барысында «Нашақорлық пен есірткінің зардабы» тақырыбында насихат айтылып, есірткіге тәуелділіктің адам денсаулығына, отбасы тұрақтылығына және қоғамға тигізетін кері әсері түсіндірілді. Сондай-ақ денсаулықтың Алла Тағала берген аманат екені айтылып, зиянды әдеттерден арылудың, салауатты өмір салтын ұстанудың және рухани саулыққа көңіл бөлудің маңызы атап өтілді. Кездесу соңында орталықта ем алып жатқан азаматтардың денсаулығына шипа тілеп, дұға жасалды. Аталған шара азаматтарға рухани қолдау көрсетуге, зиянды әдеттердің алдын алуға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.


