Алматы облысының имамдары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті
Алматы облысында имамдардың 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітуге арналған алқалы жиыны өтті. Басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында жүзеге асырылатын негізгі бағыттар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасы мен алдағы жылға арналған жұмыс жоспары имамдарға кеңінен таныстырылды. Бас мүфтидің баяндамасында қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту, діни сауаттылықты арттыру және дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мәселелеріне ерекше мән берілді.
Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы бекітілген жұмыс жоспары бойынша имамдарға жан-жақты түсіндірме жасап, 2026 жылы жүзеге асырылатын төрт негізгі бағытқа тоқталды.
Атап айтқанда, бірінші бағыт уағыз насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге, екінші бағыт оқу ағарту саласын дамытуға, үшінші бағыт дәстүр мен отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ал төртінші бағыт жат ағымдардың алдын алу және олармен жұмыс жүргізуге арналды. Бас имам әр бағыт аясында атқарылатын нақты жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, имамдарды бекітілген жоспарды сапалы әрі жауапкершілікпен орындауға шақырды. Сонымен қатар, аталған бағыттар арқылы қоғамда діни тұрақтылық пен бірлікті нығайту басты мақсат екені айтылды. Және де өңірдегі дін саласында жемісті еңбек етіп жүрген имамдар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.
Жиын қорытындысында 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бір ауыздан қолдау тауып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.



