«Рамазан тәттісі» жобасы Қаскелең қаласында жүзеге асты
Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық пен мейірімділік шаралары жалғасуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің тапсырмасына сәйкес жоспарланған игі бастамалардың бірі – «Рамазан тәттісі» жобасы Қаскелең қаласында жүзеге асырылды.
Аталған жоба аясында Қаскелең қаласында орналасқан «Рахым» ерекше балаларды оңалту орталығына арнайы барып, орталықта тәрбиеленіп жатқан балаларға қуаныш сыйлау мақсатында тәттілер үлестірілді. Игі шара барысында орталықтың жиырма тәрбиеленушісіне «Рамазан тәттісі» тарту етілді.
Шараның басты мақсаты – қасиетті айда ерекше күтімді қажет ететін балаларға көңіл бөліп, мейірім мен қамқорлық көрсету, сондай-ақ қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.
Игі іске куә болған орталық ұжымы мен тәрбиеленушілердің ата-аналары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, қасиетті Рамазан айының берекесі мен жақсылығы баршаға ортақ болсын деген тілектерін жеткізді.


