«Қазыналы қарттар» – берекелі басқосу
Қасиетті Рамазан айының рухани шуағында Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылында орналасқан «Шариф» мешітінің ұйымдастыруымен «Қазыналы қарттар» атты тағылымды ауызашар дастарханы өтті.
Игі шараға ауылдың ақсақалдары, мешіт жамағаты және көпбалалы аналар қатысып, бір дастархан басында бас қосып, Рамазан айының берекесін бірге бөлісті. Кездесу барысында ардақты ақсақалдар жастарға өнегелі сөз айтып, ақ баталарын беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ұрпаққа үлгі болар тағылымды әңгімелер айтылып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілген әсерлі басқосу болды. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған Рамазан айындағы қайырымдылық жобаларының бірі – «Бір мәселені шешу» акциясы аясында бір реттік көмек ретінде көпбалалы үш анаға 50 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Аналар өз кезегінде осындай игі іске ұйытқы болған мешіт ұжымына және ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғыстарын білдірді.
Шара соңында ақсақалдар ел амандығы, жұрт тыныштығы мен бірлігі үшін дұға жасап, жамағатқа ақ тілектерін арнады.


