Қарасай ауданында әйелдер жамағаты арасында Құран жарысы өтті
Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылындағы «Халифа қажы Алтай» мешітінде әйелдер мен қыздар жамағаты арасында Құран Кәрімнің «Нәс» сүресінен «Ғашия» сүресіне дейінгі аралықта рухани бағыттағы жарыс ұйымдастырылды. Шараны мешіт ұстазы Назерке Таласқызы ұйымдастырып, жамағаттың діни білімін арттыруды және қасиетті Рамазан айында Құранға деген сүйіспеншілігін күшейтуді мақсат етті.
Сайыс нәтижесінде:
І орын – «Халифа қажы Алтай» мешітінің жамағатынан Әсем Махмутбаева;
ІІ орын – «Түркістан-1» мешітінен Зарлыханова Жанат;
ІІІ орын – «Түркістан-1» мешітінен Досмамед Асия иеленді.
Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, І орынға – 20 000 теңге, ІІ орынға – 15 000 теңге, ІІІ орынға – 10 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар сайысқа қатысушыларға түрлі ынталандыру сыйлықтары үлестірілді. Ұйымдастырушылар мұндай рухани шаралар жамағаттың Құранға деген ықыласын арттырып, имандылықты нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.



