Іле ауданында мешіт жамағаты арасында Құран жарысы өтті
Алматы облысы, Іле ауданында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазан айына арналған жоспарына сәйкес «Рамазан – Құран айы» атты мешіт жамағаты арасында аудандық Құран жарысы ұйымдастырылды.
Сайысқа ауданға қарасты мешіттерден 20-дан астам жамағат өкілі қатысып, жарты пара көлемінде Құран оқудан бақ сынады. Бұл жарыс 30 жастан асқан, мешітке тұрақты келетін намазхан жамағатқа арналды. Шараның мақсаты – жамағаттың Құранға деген ықыласын арттырып, діни білімін жетілдіру.
Аталған шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы арнайы қатысып, алғы сөз сөйлеп, жарыстың ашылуын жасады. Бас имам өз сөзінде осындай игі шараны ұйымдастырған Іле ауданының бас имамы Талғат Абайұлына алғыс білдіріп, мұндай жарыстар жамағаттың Құранға деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Сайысқа ауданымыздағы дін қызметіндегі қарилар – Саламат Ернар қари, Хусниддин қари Акбарұлы және Бектұр қари Өмірханұлы төрелік етіп, үздік үш қатысушыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға мешіт жанашырларының демеушілігімен қаржылай сыйлықтар табысталды:
І орын – 70 000 теңге,
ІІ орын – 50 000 теңге,
ІІІ орын – 30 000 теңге.
Ұйымдастырушылар мұндай рухани шаралар жамағаттың Құранға деген сүйіспеншілігін арттырып, қасиетті Рамазан айының мәнін тереңірек сезінуге ықпал ететінін атап өтті.








