Қапшағай орталық мешітінде қариға құрмет көрсетіліп, автокөлік сыйға тартылды
Қасиетті Қадір түні қарсаңында Алматы облысы Қапшағай қаласындағы орталық мешітте ерекше игі шара өтті. Мешіттің қари ұстазы Нираков Абдунасир Тайырұлына жамағаттың қолдауымен автокөлік сыйға тартылды.
Бұл игі бастама Құранға қызмет етіп жүрген қариларға құрмет білдіру және олардың еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылды. Салтанатты түрде автокөліктің кілтін Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы табыстап, қариға ризашылығын білдірді.
Шара барысында жамағатқа Қадір түнінің қадір-қасиеті туралы тағылымды уағыз-насихат айтылып, дін қызметкерлеріне құрмет көрсету – мұсылман қоғамындағы игі дәстүр екені кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар бас имам мешіт қызметкерлері мен дін жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс хат табыстап, олардың еңбегіне ризашылық білдірді.
Кеш аясында жамағат арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенділік танытып, дұрыс жауап берген қатысушыларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ қасиетті Қадір түніне орай жиналған жамағатқа арнайы сәресі дастарханы жайылып, бірлік пен бауырмалдықтың көрінісі байқалды. Аталған игі шара жамағат тарапынан жылы қабылданып, Құран жолында қызмет етіп жүрген қарилар мен дін қызметкерлеріне көрсетілген құрметтің жарқын үлгісі ретінде бағаланды.



