Қадір түніндегі рухани кеш: Талғарда Құран хатымы аяқталды
Алматы облысы, Талғар аудандық “Әбу Бәкір ас-Сыддық” мешітінде қасиетті Рамазан айының басынан басталған Құран хатымы қасиетті Қадір түні кешінде толық аяқталып, тарауық намазынан кейін жамағатпен бірге хатым дұғасы жасалды. Мың айдан да қайырлы болған бұл қасиетті түнде жасалған дұға мен құлшылық мешіт жамағатына ерекше рухани әсер сыйлады. Екінші жыл қатарынан осы мешітте жамағат алдында Құран хатымын оқып, көркем қырағатымен көпшіліктің жүрегінен орын алып жүрген Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің 2-курс студенті, жас қари Бурибаев Әліби Ғабитұлына ерекше құрмет көрсетілді. Мешіт ұжымы, жамағат және демеуші азаматтардың қолдауымен қариға 500 000 теңге қаржылай сыйақы “Рамазан сыйы” мен Үлкен қажылыққа жолдама сертификаты табысталып, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жабылды. Бұл – Құранға қызмет еткен жанға деген халықтың ықыласы мен құрметінің айқын көрінісі.
Шара барысында Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы жамағат атынан жас қариға алғыс білдіріп, осындай игі іске атсалысқан барша азаматтарға Алла Тағаладан мол сауап пен береке тіледі. Сондай-ақ қариға ақ жол тілеп, жамағатпен бірге ақ батасын берді.
Алла Тағала жас қаридың білімін арттырып, Құранға қызмет ететін ықыласты, тақуа құлдарының қатарынан етсін. Қасиетті Қадір түнінде жасалған барлық дұға-тілектер қабыл болғай!




