Талғар ауданында әйел-қыздар ұстаздарына арналған білім жетілдіру семинары өтті
ҚМДБ-ның Алматы облысы өкілдігі, Талғар ауданында ұйымдастыруымен әйел-қыздар секторы ұстаздарына арналған бір күндік білім жетілдіру семинары өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – ұстаздардың діни білімін тереңдету, шариғи мәселелер бойынша сауаттылығын арттыру және тәжірибе алмасу болды. Іс-шара барысында ақида, ислам тарихы және фиқһ пәндері қамтылып, қатысушыларға мазмұнды дәрістер ұсынылды.
Білім мәжілісі қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, дұғамен жалғасын тапты. Жиынның алғы сөзін Талғар ауданының бас имамы Ринат Маратұлы алып, ұстаздардың үнемі білімін жетілдіріп отыруының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол жиналған қауыммен сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, қызмет барысындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Келесі кезекте әйел-қыздар секторына жауапты Серғазы Жанна сөз алып, семинар жүргізушісін таныстырды. Атап айтқанда, Талғар аудандық «Әбу Бәкір ас-Сыддық» мешітінің наиб имамы, исламтанушы магистр Бөкеш Бекарыс ұстаздар қауымына дәріс оқыды.
Семинар жоспарға сәйкес үш негізгі пән бойынша жалғасып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, пайдалы мәліметтермен сусындады.
Аталған іс-шара ұстаздардың кәсіби және рухани дамуына серпін беріп, діни ағартушылық бағыттағы жұмыстардың жандануына оң ықпал етті.



