Іле ауданында «Ислам және ұлттық дәстүр – адал қоғамның қос тірегі» атты іс-шара өтті
Алматы облысы, Іле ауданына қарасты М.Түймебай ауылындағы «Исмайл ибн Ибраһим» мешітінде ҚМДБ бекіткен жоспар аясында «Ислам және ұлттық дәстүр – адал қоғамның қос тірегі» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған жиынға Іле ауданының бас имамы Сүлейманов Талғат Абайұлы, Алматы облысы әйел-қыздар секторының басшысы Назерке Әкішқызы, Іле ауданы әйел-қыздар секторының жетекшісі, ұстаз Айсұлу Зейнелханова, «Исмайл ибн Ибраһим» мешітінің бас имамы Таленов Нұрбол Мақсұтұлы, наиб имам Әбдікәрім Рахманәлі, сондай-ақ мешіт ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
Іс-шараны ауданның бас имамы Сүлейманов Талғат Абайұлы ашып, тақырып аясында мазмұнды баяндама жасады. Өз сөзінде ол ислам діні мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығы – қоғамның рухани тұтастығының негізі екенін атап өтті.
Кездесу барысында Назерке Әкішқызы мен Айсұлу Зейнелханова қатысушыларға аталған тақырып төңірегінде тағылымды ой-пікірлерін жеткізіп, әйел тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Іс-шара аясында мешіт ауласына қазақтың ұлттық киіз үйі орнатылып, салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды. Бұл көрініс қатысушыларға ұлттық мәдениеттің терең мәнін ұғынуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, «Исмайл ибн Ибраһим» мешіті жанындағы әйел-қыздар сауат ашу орталығының 10 жылдығына орай мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, шараның жалғасы арнайы мейрамханада өтті. Мешіттің бас имамы Таленов Нұрбол Мақсұтұлы «Ислам және ұлттық дәстүр – адал қоғамның қос тірегі» тақырыбында уағыз айтып, көпшілікке пайдалы мәліметтермен бөлісті.
Мерекелік жиынға арнайы қонақ ретінде қатысқан «Көкқайнар» мешітінің бас имамы Молдахметов Абдуғалым имам мешіттің әйелдер жамағатына алғысын білдіріп, игі тілектерін жеткізді.
Шара барысында домбырамен ән айтылып, күй орындалып, ұлттық өнер дәріптелді. Жиын соңында сауат ашу орталығының 10 жылдығына орай барлық шәкірттер марапатталып, сый-сияпат табысталды.


