АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН АТТЕСТАТТАУ БАСТАЛДЫ
Алматы облысында дін қызметкерлерін кезекті республикалық аттестаттау шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара Құран аяттарын оқу арқылы басталып, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы комиссия мүшелерін имамдарға таныстырды.
Аттестаттауды өткізу үшін арнайы комиссия құрылып, құрамына Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков, «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі Асан Абдиқұлұлы Тілеубердиев, «Діни сараптама бөлімінің» меңгерушісі Нұрлан Евфратұлы Қайырбеков, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі кірді.
Аттестаттаудың алғашқы кезеңі тестілеу форматында өтіп, қатысушыларға ақида, фиқһ, Ислам тарихы және заң тақырыптары бойынша сұрақтар қойылды. Екінші кезеңде имамдар мен ұстаздар ауызша сұрақ-жауап арқылы қырағат, тәжуид, хадис, дін мен дәстүр, сондай-ақ ҚМДБ бекіткен концептуалдық құжаттар бойынша білімдерін көрсетті.
Республикалық аттестаттауға Қонаев және Алатау қалалары, сондай-ақ Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Қарасай, Райымбек, Талғар, Ұйғыр, Іле аудандарындағы мешіттерге жаңадан тағайындалған дін қызметкерлері қатысуда.


