Құранға қадам: Жібек Жолында өткен әсерлі “тәж кигізу” кеші
Қарасай ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы «Үшкемпірұлы Жақсылық» мешітінде тағылымы терең, жүрекке жылу сыйлаған «Тәж кигізу» атты рухани кеш өтті. Қасиетті Құран Кәрімді оқуға түскен 30-ға жуық қыз балаға арналған бұл салтанатты рәсім олардың ілім жолындағы алғашқы қадамдарын айрықша құрметпен атап өтуге арналды.
Іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, кеш барысында шәкірттердің Құран үйрену жолындағы талпыныстары мен жетістіктері кеңінен сөз болды. Әрбір қатысушы қыз балаға арнайы тәж кигізіліп, олардың жүректеріне қуаныш пен сенім ұялатқан әсерлі сәттер көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, әр шәкіртке Құран Кәрім кітабы табысталып, бұл олардың рухани сапарындағы маңызды белес ретінде бағаланды.
Жиналған жамағат тағылымды кештің куәсі болып, жас шәкірттерге ақ тілектерін арнап, ізгі баталарын берді.




