preloader

Жаңалықтар

Талғар ауданында Әз-Наурыз кең көлемде аталып өтті

Талғар ауданында Әз-Наурыз кең көлемде аталып өтті

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жібек жолы және Белбұлақ ауылдарында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі кең көлемде ұйымдастырылып, жоғары деңгейде атап өтілді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шараға ауыл тұрғындары, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер, ел ағалары және жас буын өкілдері белсенді қатысты.

Мерекелік іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, ауданның бас имамы Ринат Маратұлы дүниеден өткен жандардың рухына арнап дұға бағыштады. Бұл – ата-баба аманатына деген құрмет пен ұрпақ сабақтастығын айқындайтын игі дәстүрдің жарқын көрінісі.

Шара барысында кең дастархан жайылып, қонақтарға Наурыз көже мен палау ұсынылды. Берекелі дастархан басында жиналған жұрт бір-біріне ізгі тілектерін арнап, мерекелік көңіл-күймен бөлісті.

Мереке аясында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе ауыл жастары белсенділік танытып, ұлттық ойындарға қатысу арқылы өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетті.

Аталмыш шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының бірлігін нығайту, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, сондай-ақ салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Осы бағытта ұйымдастырылған мерекелік іс-шара өз деңгейінде жоғары өтіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Мереке соңында тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.