preloader

Жаңалықтар

“Отбасы – аманат” тақырыбында рухани-танымдық дөңгелек үстел өтті

“Отбасы – аманат” тақырыбында рухани-танымдық дөңгелек үстел өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Алматы облысы өкілдігіне қарасты Райымбек ауданында «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Саржаз ауылындағы «Асан сопы» мешітінде «Отбасы – аманат» тақырыбында жас отбасыларға арналған рухани-танымдық дөңгелек үстел өтті. Шараны аудан имамы Азамат Бексұлтанұлы Бухарбеков пен ауыл имамы Мейірлан Біләл ұйымдастырды.

Жиынға ауыл әкімшілігінің өкілі Самат Қожамбердиев, аналар кеңесінің төрайымы Зина Сарыбаева, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайрат Қазақбаев және жас отбасылар қатысты.

Іс-шара барысында аудан имамы Азамат Бексұлтанұлы отбасы құндылықтарының маңыздылығына кеңінен тоқталып, исламдағы отбасының орны мен жауапкершілігі жөнінде насихат айтты.

Өз кезегінде аналар кеңесінің төрайымы Зина Сарыбаева өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас келіндерге аналық ақыл-кеңесін жеткізді. Ал ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайрат Қазақбаев ата-баба өсиеттерінен мысал келтіріп, ақ батасын берді.

Сонымен қатар, ауыл әкімшілігінің өкілі Самат Қожамбердиев Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» заңнамасы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Шара соңында арнайы ұйымдастырылған дастархан басында еркін форматта пікір алмасу жалғасып, жас отбасылар өз ризашылықтарын білдірді.