preloader

Жаңалықтар

“Аталар мектебі – ұлт қазынасы” тақырыбында рухани кездесу өтті

“Аталар мектебі – ұлт қазынасы” тақырыбында рухани кездесу өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Алматы облысы өкілдігіне қарасты Райымбек ауданында «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша маңызды іс-шара ұйымдастырылды.

Сарыбастау ауылындағы «Ұзақ батыр» мешітінде «Аталар мектебі – ұлт қазынасы» тақырыбында ауыл ақсақалдарының қатысуымен рухани-танымдық дөңгелек үстел өтті. Шараны аудан имамы Азамат Бексұлтанұлы Бухарбеков пен ауыл имамы Исабол Манап ұйымдастырды.

Жиынға ауыл әкімі Бақыткелді Қайратұлы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мақсат Нүсіпбекұлы Әшімбаев және ауылдың ардақты ақсақалдары қатысты.

Іс-шара барысында аудан имамы Азамат Бексұлтанұлы шариғаттағы үлкенді құрметтеудің маңызына, сондай-ақ ұлттық дәстүріміздегі ақсақалдардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталып, тағылымды насихат айтты.

Өз кезегінде ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мақсат Нүсіпбекұлы ата-бабаларымыздың өнегелі өмір жолдарынан мысал келтіріп, жас ұрпаққа ақыл-кеңесін жеткізді.

Сонымен қатар, ауыл әкімі Бақыткелді Қайратұлы жастар тәрбиесінде ақсақалдардың орны ерекше екенін атап өтіп, олардың өнегелі сөздері мен батасының маңыздылығына тоқталды.

Шара соңында мешітте ұлттық дәстүрге сай дастархан жайылып, ақсақалдарға наурыз көжеден дәм ұсынылды. Ауыл қариялары ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлына және ауыл имамына алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.