Дәстүрдің тәрбие берудегі орны
Қазақ халқының ата – дәстүрі ұлттық құндылықтармен біте қайнасып, тәрбиелі,саналы ұрпақ тәрбиелеудің көзі болып келеді. Бұл мәселеге қазақ ұлты үлкен мән берген. Ұрпақ тәрбиесінде қолданылып жүрген салт-дәстүр, ғұрыптардың негізі Исламға келіп тірелетінін жұртшылық енді ұғынып келеді десек болады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып, салт-сана ретінде қалыптасып, халқымызды адами, имани-рухани жағынан тәрбиелеп келеді. Мысалы, қазақ халқында қалыптасқан әрбір отбасы қолданып келе жатқан үрдіс ретінде – азан шақырып ат қоюды айта аламыз. Жаңа туған нәрестеге дұрыс есім қою ата-ананың міндеті, сондай-ақ, есім беру маңызды шара саналған. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, ал сол құлағына қамат айту арқылы жүзеге асырылады. Бұл жайында сахаба Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) әкесінен мынадай дерек жеткізеді: «Фатима анамыз ұлы Хасанды дүниеге әкелгенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға шақырғандай азан айтқанын көрдім» Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадисінде бала тәрбиесіне қатысты мынадай кеңес береді: «Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсы етіп қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде (яғни есейген соң) оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса, оның күнәсі әкесіне». Сондықтан ата-ана ізгі ұрпақ тәрбиелейтін болса, оларға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет пен шексіз қошемет болады. Осылайша дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, жастарды имандылыққа баулып әрі кейінгі ұрпаққа үлгі, тәрбие берген.
Жалпы, адам баласы жарық дүниеге келіп, ақырғы мәңгілік дүниеге кеткенше арадағы қарым-қатынас, өмір жолы, іс-әрекетінде дін мен дәстүр сайрап тұрады. Тіпті тыйым ретінде танылған түнде ыдыстың бетін ашық қалдырма, нанның қиқымын шашпа, жалаң бас жүрме, жаман сөз айтпа деген секілді тәрбиелік зор мәні бар тыйымдардың түбінде дінімізде айтылғпн ескертулер жатыр.
Дәстүрсіз халық жоқ деп айта аламыз. Жер бетінде қаншама ұлт пен ұлыс мекен етсе, барлығының өз өмір сүру ыңғайына сай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары бар. Сол ұлттарды жаратудың өзінде Алланың нығметі жатыр. Ислам дінінде әртүрлі ұлттардың жер бетінде болатынын айқын айтқан. «Ей, адам баласы! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді танып-білу үшін сендерді түрлі ұлттар мен руларға бөлдік». – делінген Қасиетті Құран Кәрімде.
Қазақ халқы дәстүрге өте бай халық. Дүниеге нәресте келу, тілашар, туыстық қатынас, құда-жекжаттық, ақырғы сапарға жөнелту, келін түсіру, қыз ұзату, тоқтам айту деген секілді ғұрыпқа толып тұрған құндылықтарымыз дінімізбен астасып жатыр.
Халқымызда «сәлем – сөздің атасы» деген сөз бар. Сәлемдесу дәстүрі, үлкенді сыйлап сәлем беру, сәлем салдыру, сәлем беріп бару секілді дәстүрлер үлкенге құрмет көрсетудің, тәрбие негізінің бастауы десек болады. Ал, дінімізде ең сараң адам – сәлем бермеген адам деп бағалаған. Барадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір екі мұсылман бір-бірімен кездескенде қол берісіп амандасса, олардың күнә-қателіктері кешіріледі», – деген. Осыдан ақ, Ислам дінінде сәлем берудің орны ерекше екенін түсінуге болады. Жалпы, ойлап қараған адамға қазақ халқының өмір сүру жолында дәстүр мен діннің жолықпайтын жері кемде-кем. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұрпақтың бойына сіңіре отырып, имандылыққа, әдептілікке қатар тәрбиелеуге болады. Демек, дін – тәрбие құралы ретіндеде үлкен маңызға ие. Бүгінгі таңдағы жас ұрпақ балалық шақтан бастап ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбие алуы шарт. Себебі, ұлттық құндылықтардың негізгі көріністері отансүйгіштік, отбасының бүтін болуы, қоғамға пайда тигізуі секілді дүниелерден тұрады.
Бала – ата-ана тәрбиесінің айнасы. Дүниеге келіп, дамып келе жатқан бала айтқаныңызды емес, сізден көргенін істейді. Сондықтан, ата-ана ең әуелі өзін тәрбиелеуі керек. Сонда ғана балаға берілген тәрбие нәтижелі болмақ. Демек, Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) салып кеткен сара жолы мен бабаларымыздың өсиеті, қазақы салт-дәстүріміз – қазақы тәрбиенің қайнар көзі.
Керімбеков Нұржан Пірәліұлы
Тұздыбастау ауылдық мешітінің имамы

