preloader

Мақалалар

Сөздің көркі – амал

Сөздің көркі – амал

Адам баласына берілген ұлы нығметтердің бірі – сөйлеу қабілеті. Пенденің ішкі дүниесін танытатын рухани айна да осы – сөйлеу. Адамның ақылы мен парасаты, тәрбиесі мен мәдениеті, иманы мен адамгершілігі көбіне оның сөйлеген сөзінен аңғарылады.

Алайда сөздің қадірі оның әдемі айтылуымен ғана өлшенбейді. Шын мәнінде, сөздің ең үлкен көркі – оның артынан ерген ізгі амалда. Өйткені сөз жүректегі ниетті білдірсе, амал сол ниеттің шынайылығын дәлелдейді.

Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп сөздің қадірі мен жауапкершілігін терең түсіндірген. Жақсы сөз адамның көңілін көтеріп, жүрегіне үміт сыйласа, ауыр сөз жанын жаралап, көңіліне кірбің түсіреді. Сондықтан әрбір сөзімізге жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

Ал сөздің діндегі салмағына үңілер болсақ, Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Ол қандай да бір сөз айтса да, оның қасында бақылаушы, әзір тұрған періште бар» («Қаф» сүресі, 18-аят), – деп ескертеді.

Демек, бұл аяттан адам баласының әрбір сөзі есепке алынып, оған жауап беретіндігін ұғамыз.

Кейде біз айтқан сөзімізді ұмытып, тіпті айтпағандай жадымыздан шығаруымыз мүмкін. Бірақ оның сауабы мен күнәсі Алланың алдында ұмытылмайды. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ:

«Кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген (Бұхари, Муслим).

Яғни мүмін адамның сипаты оның тілінен де, ісінен де көрініс табуы тиіс. Адамның көп сөйлеуі оның білімділігін білдірмейді, керісінше аз сөйлеп, үнсіз қалуы да оның әлсіздігінен емес. Кейде бір ауыз шынайы сөз ұзақ насихаттан да әсерлі болады. Бірақ сол сөздің қадірі амалмен бекітілгенде ғана арта түседі.

Осы жайында ХІХ ғасыр әдебиетінің өкілі, ақын Ақмолла Мұхамедиярұлы «Өзіме» атты өлеңінде кейінгі буынға тағылымды насихат қалдырады:

…Ең әуелі толып жатыр сенің мінің,
Не керек семіресіз құры білім.
Сапар алыс, ынсап қыл, Хақтан ұял,
Бұрынғы қабағатлық жетер, інім.

Көкірегің қатып қалған тастан жаман,
Ісің көп келіспеген басқа да одан.
Ғибадат пен азаптанған құры ғадет,
Ақырет пайдасына жарамаған.

Ақын бұл өлең жолдары арқылы адам қанша білімге ие болса да, оны амалға асырмай, құр сөзден әрі асыра алмаса, әрекетке айналмаған білім мен сөздің ақыретте пайдасы болмайтынын түсіндіреді.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Уа, иман келтіргендер! Неліктен істемейтін нәрселеріңді айтасыңдар? Істемейтін нәрселеріңді айту – Алланың алдында өте жеккөрінішті» («Сафф» сүресі, 2–3-аяттар), – дейді.

Бұл аят адамға сөзі мен ісінің үйлесімді болуын ескертеді. Адам адалдық туралы айтып, өзі өтірік айтса; ата-ананы құрметтеу туралы насихаттап, өзі ата-анасына дөрекілік танытса; сабыр туралы сөйлеп, өзі қиындықта ашуға берілсе, оның сөзі мен амалы арасында қайшылық пайда болады.

Сондықтан мұсылман адам алдымен өзін тәрбиелеп, айтқан сөзіне амал етуге ұмтылуы керек. Алайда адам өзі толық орындамаған жақсылықты насихаттай алмайды деген түсінік дұрыс емес. Ең маңыздысы – айтқанын өзі де орындауға тырысуы және сөзімен адамдарды алдамауы.

Пайғамбарымыз ﷺ – сөз бен амалдың ең көркем үлгісі. Алла Тағала:

«Расында, сендер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят), – дейді.

Ол адамдарды жақсылыққа шақырғанда, өзі сол жақсылықтың үлгісі болды. Мейірімділікті сөзбен ғана емес, ісімен көрсетті; әлсіздерге жәрдем берді, балаларға мейірім танытты, адамдардың қателігін кешіре білді. Бұл бізге адамның ең әсерлі насихаты – оның өмірі екенін үйретеді.

Бір әкенің баласына адалдық туралы айтуы жақсы, бірақ оның өзі адал өмір сүруі – одан да үлкен тәрбие. Бір ұстаздың сабыр туралы насихаты пайдалы, алайда оның қиындықта сабыр сақтауы шәкіртіне ұмытылмас сабақ болады.

Амалдың қадірі оның көлемімен ғана емес, ниетімен де өлшенеді. Пайғамбарымыз ﷺ:

«Амалдар ниетке байланысты. Әр адамға ниет еткені тиесілі», – деген (Бұхари, Муслим).

Бір ана баласының қамын ойлап, түнде ұйқысын бөліп қараса, бір әке отбасын адал еңбекпен асыраса, бір студент білім іздесе, бір көрші қарт адамға көмектессе – бұлардың барлығы ізгі амалға жатады.

Пайғамбарымыз ﷺ:

«Кімде-кім бір мүміннің дүниедегі қиындықтарының бірін жеңілдетсе, Алла оның Қиямет күніндегі қиындықтарының бірін жеңілдетеді», – деген (Муслим, 2699).

Бұл хадис адамдарға пайда келтірудің маңызын көрсетеді. Біреуге көмек беру үшін міндетті түрде бай болуы қажет емес. Кейде науқастың көңілін сұрау, жылы сөз айту, мұқтажға жәрдем беру, біреудің қайғысын бөлісу – үлкен сауапқа себеп болатын ізгі амалдар.

Сөз бен амалдың үйлесімі ең алдымен отбасында көрінеді. Бала ата-анасының айтқан сөзін ғана емес, жасаған ісін де үлгі етеді. Қазақ халқы: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – дейді.

Сондықтан ата-ана баласына адалдықты үйретсе, өзі адал болуға; үлкенді сыйлауды айтса, өзі үлкендерді құрметтеуге; намазға шақырса, өзі де намазына көңіл бөлуге тырысуы қажет. Өйткені баланың жүрегіне айтылған сөзден бұрын жасалған амал әсер етеді. Отбасындағы көркем мінез – қоғамдағы ізгіліктің бастауы.

Айтар ойымызды қорытындылай келе, сөз – адам болмысының айнасы, амал – сол айнадағы бейненің шынайылығы. Сөз арқылы біз ниетімізді білдіреміз, ал амал арқылы сол ниетімізді дәлелдейміз.

Алла Тағала баршамызды жақсы сөз сөйлейтін, айтқан сөзіне амал ететін, жүрегі таза, ниеті түзу, көркем мінезді құлдарынан етсін! Сөзімізді өтіріктен, ғайбаттан сақтап, амалымызды риядан қорғағай!

 

Алматы облысы Қарасай ауданы
«Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы