Аурудың көңілін сұрау – жүрекке шипа, сауапқа себеп
Адам баласы өмірінде қуаныш пен қайғыны, денсаулық пен сырқатты қатар өткереді. Денсаулық – Алланың адамға берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Осы нығметтің қадірін сездіріп, шынайы бағалауға жол ашатын себептер болмаса, пенде саулықтың мәнін ұға алмас еді. Сол үшін де ауру – пенденің сабырын сынайтын, күнәларына кәффарат болатын әрі жүрегін Раббысына жақындататын сынақ. Осындай қиын сәтте науқастың жағдайын сұрап, көңілін аулап, жылы сөз айту – мұсылманның көркем мінезінен және адамгершілігінен көрінеді. Ауру адамның көңілін сұрау сырттай қарағанда қарапайым әрекет болып көрінгенімен, оның жүрегіне үлкен қуаныш, үміт және рухани демеу сыйлайды.
«Денсаулық – әркімнің басындағы алтын тәж. Оны тек ауырып жатқандар ғана көре алады» дегендей, аяқ-қол бүтін, бас аман сәтте шапқылап жүргенімізде бәрі жеңіл. Ал осы жеңілдік бізден алынған сәтте, көп жағдайда шынайы достың, жанашыр бауырдың, жақын деген жандардың ара-жігін ажыратып жататыны да бар. Себебі, жетістікке жетіп, ешкімге мұқтаждығың болмаған сәтте айналамызда қолдап, тілеулес болатындар көп болғанымен, ауырып, көңілге қаяу түскенде риясыз жанашыр жандарға ықтияжың болары шындық. Сондықтан да осындай кезде науқас адамдарға демеу болып, бір ауыз сөзбен демеу – үлкен жақсылық.
Асыл дініміз де ауру адамның көңілін сұрауға ерекше мән берген. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ: «Мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар», – деп, олардың бірі ретінде ауру адамның көңілін сұрауды айтқан. Сонымен қатар, «Кімде-кім науқастың көңілін сұраса, оған жетпіс мың періште истиғфар айтады», – деген (Тирмизи, 969).
Одан өзге, науқастың үйіне барған адам ең алдымен сәлем беріп, жұмсақ сөйлеп, оның жағдайын сұрауы керек. Ұзақ отырып шаршатпай, қажет болса көмектесіп, жақсы сөз айтып, дұға жасап қайтқаны жөн. Аурудың көңілін сұрағанда орынсыз сұрақ қойып, қорқыныш тудыратын сөздер айтуға болмайды. «Ауруың қатты ма?», «Жағдайың қиын екен» деп көңілін түсіргеннен гөрі: «Алла шипасын берсін», «Алла қаласа, тез жазылып кетесіз», «Сіз үшін дұғадамыз» деген сөздер айтқан дұрыс. Себебі, «Көңіл – көңілден су ішеді» демекші, тілден шыққан әрбір сөз адамның жүрегіне әсер етіп, жанын жібітеді. Жақсы сөз науқасқа үміт сыйласа, ауыр сөз оның уайымын күшейтуі мүмкін. Сондықтан жоғарыда атап өткен қарапайым әдептерді әрбір мұсылман баласы есте ұстауы қажет.
Сырқат адам дертіне дауа табылғанша Жаратушыға шағымданып, күпірлік сөздерін сөйлеместен шыдайтын болса, есепсіз сауапқа келетіні анық. Ол туралы Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі», – дейді («Зүмәр» сүресі, 10-аят).
Пайғамбарымыз ﷺ ауру адамға: «Уайымдама, бұл – Алланың қалауымен күнәларға кәффарат» деген мағынадағы жұбату сөздерін айтқан. Сондай-ақ науқасқа: «Аллаһумма раббан-нәс, әзһибил-бә’са, ишфи әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифәук, шифәән лә юғадиру сақаман» деп дұға етуді насихат еткен. Мағынасы: «Уа, адамдардың Раббысы болған Алла! Дертті кетір, шипа бер. Шипа беруші – Сенсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ешбір ауруды қалдырмайтын шипа бере гөр».
Аурудың көңілін сұрау тек туыстарға ғана емес, көршіге, досқа, ұстазға, әріптеске және кез келген мұсылманға жасалатын ізгілік. Әсіресе жалғыз қалған, қартайған немесе жақындарынан жырақта жатқан адамдарға көңіл бөлу өте маңызды. Кейде адамға үлкен сыйлық емес, жанынан табылған бір мейірімді жан жеткілікті. Ауру адамның қолынан ұстап, жақсы сөз айтып, дұға жасау – оның жүрегіне үміт ұялатады.
Ендеше, дені сау кезімізде ауруды ұмытпайық, қиындыққа түскен жанды жалғыз қалдырмайық.
Алла Тағала барлық науқастарға шипа, сабыр және күш-қуат берсін. Ауру жандардың дертін жеңілдетіп, жүректеріне тыныштық орнатсын. Бізді мейірімді, жанашыр, бір-бірінің қайғысы мен қуанышына ортақтасатын құлдарынан етсін!
Алматы облысы Қарасай ауданы
«Құртқа» мешітінің имамы
Жақсымбет Нұрислам Қыдыралыұлы

