Үшқоңыр медресе-колледжінің түлектеріне диплом табысталды
Алматы облысы Үшқоңыр медресе-колледжінде 2025–2026 оқу жылын аяқтаған бітіруші түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті.
Биыл білім ордасын 139 шәкірт тәмамдап, олардың қатарынан 8 түлек үздік оқу үлгерімімен қызыл дипломға ие болды. Атап айтқанда, 6 қыз және 2 ұл шәкірт оқу барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, ерекше жетістіктері үшін үздік дипломмен марапатталды.
Салтанатты іс-шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы, Үшқоңыр медресе-колледжінің директоры Мәди Тәттібаев, ұстаздар қауымы, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Жиын барысында облыстың бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жас мамандарды оқу орнын сәтті аяқтауларымен құттықтап, алған діни білімдерін ел игілігі мен қоғамның рухани дамуына қызмет етудің маңызды құралы ретінде пайдалану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ түлектерге елге адал қызмет етіп, имандылық пен ізгілікті насихаттайтын білікті маман болуларына тілек білдірді.


